Президент жас кәсіпкерлеге бөлінетін грант қаражатын екі есеге арттыруды тапсырды | arainews.kz

Президент жас кәсіпкерлеге бөлінетін грант қаражатын екі есеге арттыруды тапсырды

344

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылу рәсімінде Қазақстанның жас кәсіпкерлеріне көрсетілетін жаңа мүмкіндіктерді баяндады.

Президент «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының тәжірибесі туралы айтып, «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

«Шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет. Жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандар санын 100 мыңға дейін жеткізген жөн. Ол қолдан келетін нәрсе. Мысалы, соңғы жылда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Бастау» жобасын қолға алды. Ол бойынша ауылдар мен шағын қалаларда 43 мың тұрғынды оқытып шықты», — деді Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде.

Елбасы Қазақстанда 7 мың шағын ауыл бар екенін, онда мектепті бітіріп, оқуға түсе алмаған балалардың бар екенін еске салды.

«Олар қай бизнеспен шұғылдану керектігін қайдан біледі? Атамекен өкілдері әр ауылдың ерекшелігіне қарай, жастарға кеңес беріп, несие алудың, жоба жасаудың жолдарын үйретіп жүр. Атамекен осы жұмысты жалғастыруы керек. Соның нәтижесінде 11 мыңнан астам бизнес-жобалар ашылып, 16 мыңға жуық жұмыс орны ашылды», — деді ол.

Сондай-ақ, Елбасы жас кәсіпкерлерге бөлінетін грант қаражатын екі есеге арттыруды тапсырды.

«Үкіметке «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаражат көлемін екі есеге арттыруды тапсырамын. Осы арқылы үш жылда шамамен 300 мыңға жуық жастар бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығады. Олардың төрттен бірі немесе кем дегенде 80 мың адам өз кәсібін бастап кетеді», — деді Н. Назарбаев.

Президент университеттің жоғарғы курстарында оқитын студенттерді де бизнеске баулуды ұсынды.

«Бітіруші курстарда, университеттің жоғары курсында оқитын 60 мыңға жуық студентті бизнеске баулу қажет. Көптеген студенттер 4-5 курста бизнеспен айналыса бастайды. Түрлі компаниялар үздік студенттерді шақыра бастайды. Үкіметке бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін үш жылдың ішінде 32 млрд теңге бөлуді тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Астанада «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтіп жатыр.

Шараға Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келді.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.

Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан еді. Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.