Қостанай облысының Лисаков қаласында 48 баласы бар отбасы тұрады деп хабарлады «Хабар 24» арнасы.
Оның үшеуі – туған, 45-і – асырап алған балалары. Бүгінде солардың алды студент атанып, оқып жатса, кенжесі небәрі 3 жаста. Осыншама жетімді бауырына басқан Рустам мен Гуля Шукуровтардың бар арманы – балаларына дұрыс тәрбие беріп, өсіріп, жеткізу.
«Бала тәрбиесінде ертеден қалыптасқан дәстүріміз бар ғой. Соны ғана ұстанамыз. Ата-ананы сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру. Қамыққанға қамқор, жабыққанға жанашыр болу. Бірінші кезекте осы құндылықтарды саналарына сіңіруге тырысамыз», – дейді көпбалалы әке Рустам Шукуров.
Рустам мен Гуляның өздері де көпбалалы отбасыларынан шыққан. Сондықтан олар жауапкерішілік жүгін жақсы сезінеді. Алғаш 1998 жылы Лисаковтағы жетімдер үйінен Гуля бірден 7 баланы алып шыққанда Рустам қарсылық білдірмеген. Одан кейін жыл сайын қосылып, бала саны 48-ге жетіпті. Олардың үшеуі – өз балалары есейіп, ержеткен. Бұл отбасы мемлекеттің көмек-қолдауына да көп иек артып отырған жоқ. Рустам – жеке кәсіпкер. Сауда орталығы бар. Бұрын сатып алған 5 қабатты үйдің толық 2 қабатында бала шағасымен тұрады.
«Жеке коттедж учаскеміз де бар. Сиыр, қой, ешкі, тауық, үйрек ұстаймыз. Туған 2 балам соның басында. Басқалары да сол жаққа барғанды қызық көреді», – дейді көпбалалы әке.
Ал Гуля үй шаруасында. Бау-бақша баптап, ас мәзірін дайындап, балаларға қарау – күнделікті тірлігі. Әрине, ересек қыздары көмектеседі. Біреуі сырқаттанып қалса, алаңдап, ұйықтамайтын кездерім болады дейді.
«Бұрын аздау болғанда әр туған күнді жеке атап өтетінбіз. Қазір ай сайын 7-8 туған күннен келеді. Сондықтан әр айдың бір күнін таңдап алып, қосып тойлаймыз. Бір-бірімізге сыйлықтар жасап, тәтті тоқаш, бәліштер пісіреміз», – дейді көпбалалы ана Гуля Мансұрова.
Қазір 48 баланың сегізі – студент. Біреуі ақылы оқуда. Алдағы 2 жылда тағы 12 бала мектеп бітірмек. Олардың оқуы қалай болмақ деген сұрағымызға, Руслан «әр баланың өз несібесі бар, бірдеңе қыламыз» деп қысқа қайырды.