Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай 2018 жылдың қыркүйектің 13-ші жұлдызында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің «Ежелгі Тараздың қазыналары» атты археологиялық экспонаттардан құралған кезекті жылжымалы көрмесі Көкшетау облыстық тарихи-өлкетану музейінде салтанатты түрде ашылды.
Қорық-музей 2018 жылы Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласының 20 жылдығы мен Мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің құрылғанына 20 жыл толуына орай және Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, еліміздің Астана қаласынан бастау алған болатын. Осыған дейін жылжымалы көрмеміз Қостанай, Петропавл қалаларында ұйымдастырылып, енді Көкшетау өңіріне де аяқ басты. Көкшетауда бүгінгі ашылған көрмені қала тұрғындары мен қонақтары бір ай уақыт бойы тамашалай алады. Жылжымалы көрмемізді ендігі кезекте Павлодар қаласының тұрғындарына да тамашалату жоспарлануда.
Айта кетсек, көрменің басты мақсаты 2000 жылдан астам тарихы бар Ежелгі Тараз қалашығынан табылған баға жетпес құнды жәдігерлерді еліміздің тұрғындарына тамашалату. Осындай археологиялық қазба зерттеулерінің арқасында Тараз қаласынан үш мыңнан аса тарихи мәні жоғары құнды жәдігерлер табылды. Жылжымалы көрмемізден осы мұраларымыздың ішінен біз үшін өте маңызды жәдігерлердің 266 түрін көрме қонақтары тамашалай алады. Олардың ішінде: Түргештер заманында соғылған күміс, қола теңгелер, Қытай мен сауда-саттық барысында келген қытайлық теңгелер мен бұйымдар, Қарлұқ қағанатының әшекей бұйымдары мен тұрмыстық заттары, Қарахандар дәуірінің мәдениетінен сыр шертетін күміс пен қоладан жасалған бақыр теңгелер, бүтіндей көмбе күйінде табылған әйел адамның алтын, күміс әшекейлері: білезіктер, сырғалар, моншақтар және сұйықтық сақтауға арналған сынапкөздер, қоладан құйылған шырағдандар және Үйсін дәуіріне жататын қола айна мен шаш түйрегіш бар. Бұлардың барлығы да біздің мәдениетіміз бен қолөнеріміз өте жоғары дәрежеде дамығандығын көрсетіп отырғаны сөзсіз.
Алдыңғы