«Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейді қазақ даналығы. Бұл міндетті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа арнаған Жолдауында ерекше ескерткен болатын. Тіпті Президент бұқара арасында жүргізілген сауалнама қорытындысында халықтың 30 пайызы әкімдерге көңілі толмайтыны анықталса, ол шенеунік қызметін босатуы қажеттігін де баса айтты. Осы орайда әулиеаталық әкімдер жұртшылықпен жүздесіп, тұрғындардың тілегіне жіті құлақ түруде.
Мәселен Жамбыл облысы Шу ауданындағы Төле би ауылындағы ХҚКО, аудандық пошта байланыс торабы, мемлекеттік кірістер басқармасы, аудандық статистика бөлімі, орталық кітапхана, зейнетақы мен жәрдемақы төлеу орталығы сынды нысандардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу барысында Жарылқасын Әбдіғапарұлы ғимараттардың ахуалына, жұмыс кабинеттеріне және осы нысандарға жақын орналасқан мекемелерге баса назар аударды.
— Барлық жағдай мекеме жұмысшылары үшін ғана емес, қызметті тұтынушылар үшін де ыңғайлы болуы керек. Яғни, ғимарат ауызсумен, дәретханамен, сондай-ақ мысалы, ХҚКО-ғы секілді қалың кезек орын алған жағдайда кезек күтушілерге арналған орындармен қамтылуы қажет,-деді аудан басшысы.
Әрине, Жарылқасын Әбдіғапарұлы халыққа қызмет көрсету барысында кезігетін ыңғайсыздықтар мен шешімін табуды қажет ететін мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Аудан әкімі болған түрлі мекемелердің басшылары қордаланған мәселелерді алға тартты. Мысалы, бүгінгі таңда архив орналасқан жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығы (БТИ) ғимаратының шатырынан қатты жаңбыр жауып немесе қар еріген кезде су ағады екен. Аудан басшысы Төле би ауылының әкімі Е.Даберовке аталмыш кемшілікті ретке келтіруді міндеттеді. Өйткені, архив маңызды мәліметтерге толы, сол себептен оның жағдайы лайықты деңгейде болуы қажет. Мұнан басқа, аудан әкімі күтпеген кездесуді оңтайлы пайдаланып, өз көкейлеріндегі мұң-мұқтаждарын жеткізіп қалуды жөн көрген бірқатар мекемелердегі қызметкерлердің сұрақтарына жауап беріп те үлгерді. Кейбір басшылардың сұрақтарына сол жерде нақты жауап қайырса, кейбір сұрақтарды өз бақылауына алды. Жалпы, әкім атап өткендей, өзі бас сұққан барлық әлеуметтік нысандарда жұмыс жүйелі жүзеге асырылуда және олардың ұжымдарына қатысты ешбір сын ескертпелер де болмады.