Ислам экстремизм мен лаңкестікке қарсы | arainews.kz

Ислам экстремизм мен лаңкестікке қарсы

2 659

2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі АҚШ -да атышулы оқиғадан және Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы «араб мемлекеттері арасында түрлі-түсті төңкерістерінен» кейін жалпы әлемде және жекелей алғанда біздің елімізде 2011-2016 жылғы террористік актілерден соң діни пиғылдағы экстремизм мен терроризм тақырыбы өзекті мәселердің біріне айналды.

Осыған орай дін мен саясат, ислам мен лаңкестіктің ара-қатынасын ажыратып талдау оқырмандарға маңызды болмақ. Себебі қазақ азаматтарында дәстүрлі фундаменталды діни түсінік болмауынан экстремистік және террористік ұйымдардың арбауына түсіп, қыршыннан кетуде. Ең сорақысы мың төрт жүз жылдық тарихында «бейбітшілік пен бағынушылықтың діні» ретінде көрінген Ислам, бас-аяғы отыз-қырық жылдың ішінде лаңкестік пен содырлықтың діні болып шықты. Жиырма жыл бойы дінаралық төзімділік пен рухани келісім саясаты жүргізіліп келген біздің елімізде, соңғы бірнеше жылдың ішінде күтпеген жерден діни сипаттағы лаңкестік пен содырлық актілер орын алды.

Исламның «саясилануының» салдарынан исламшылдық, ислам идеологиясы, фундаментализмі, догматизмі, радикализмі, джихадизмі және т.б. терминдер мен сөз тіркестері кең қолданысқа түсіп, қоғамтанушылар тарапынан бұл күрделі құбылысты шынайы ғылыми тұрғыда зерттеудің қа­жеттілігімен қатар кедергілерін де тудыруда. Ислам мен оның саясатқа қа­тынасын зерттейтін тұтастай институттар құрылып (мысалы, Ресейде Дін және саясат институты, Таяу Шығыс институты, т.б.), олардың зерттеулерінде (мысалы, А.А.Игнатенко, А.Малашенко, Е.Сатановский және т.б.) исламның жағымды да жағымсыз бейнелері қалыптастырылуда. Ислам мен оның саясатқа қатынасы діни догматизммен сипатталатын фундаментализммен байланыстырылып және ол бүкіл ислам әлеміне тән деп есептелініп отыр. Әрине, бұл тұста ақпараттың қандай қайнардан алынып отырғандығын, объективтілігі немесе субъективтілігін, бейтараптылығы немесе тенденциялық бұра тартушылығын, ғылыми негізділігі немесе үстірт бағалаушылығын ескеру өте маңызды. Діни білімсіздіктен туатын исламофобия да, саясатта жасырын қолданылатын «жұмсақ күштер» де белгілі дәрежеде қоғамда паранойя құбылысын тудырады.

Дегенмен бұл мәселеге 2011 жылы Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумының ашылымында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ден қойып, өз сө­зінде жаһандық БАҚ дін мен терроризмнің арасына теңдік белгісін қойып, Исламды дискредитациялауына, демонизациялауына алаңдаушылық білдіріп «Бейбітшілік пен қайырымдылықтың, төзімділік пен әділеттіліктің діні ретіндегі» исламның жағымды бейнесін қалыптастыруға күш-жігер жұмсаудың қажеттілігін айтты. Ешқандай дін адамды қыруға, жоюға шақырмайды. Керісінше мейрімділікке, кешірімділікке, адамдарға ізгі іс істеуге үгіттейді.

Қазіргі таңда экстремистердің тарту жолдары мен күресудің тиімді жақтарын атап өткен жөн.  Қазақстанда экстремистік, террористік деп танылып сот органдарымен тыйым салынған 23 ұйым бар.  
Бұл экстремистік ұйымдардың қоғам үшін қауіптілігі сонда, олар өз қатарына жастарды, қалаға жұмыс іздеп келген ауыл жастары мен шоғырланып тұратын студенттерді көп тартады. Қатарына қосу үшін жастардың рухани және материалдық қажеттіліктерін, әлеуметтік қиыншылықтарын, сондай-ақ ғибадаттар мен киімі, жүріс-тұрысы тәрізді діннің сыртқы формаларына деген қызығушылықтарын қанағаттандыра отырып, әрқилы тәсілдерді пайдаланады. Нәтижесінде өзін «жаңа мұсылман» сезінген неофиттің бойында тәкаппарлық пайда болып, бір апта бұрынғы өз достарынан, жалпы, қоғамнан, кейде тіпті өз отбасынан оқшаулана бастайды. Түбінде мемлекетті, ата-заңды мойындамай өздері ойлаған террорлық әрекетке барады.

Енді лаңкестікпен күресудің тиімді жолдарына келер болсақ, ең алдымен діни иммунитет қалыптастырып және мемлекеттің араласуымен бұл қауіпті құбылыстың құқықтық өрісін шектейтін заңнамалық жолын қатаңдату керек. 2011 жылы 11 қазанда ҚР «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданды. «Заң — заманның талабы» демекші, аталмыш құқықтық құжат, тұтастай алғанда, дер кезінде қабылданды. Ол бір жағынан адам мен азаматтың ар-ождан бостандығына, әркімнің ішкі сеніміне қол сұқпай, екінші жағынан мемлекеттің зайырлылық ұстанымын сақтай отырып, жаппай дінмен әуестенудің «балалық ауруына» тосқауыл қоя біліп, деструктивті діни бағыттардың саяси сипат алып, жайылуына кедергі болады.

 Осы заңның шеңберінде Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің мамандары және «Жастар ресурстық орталығы» КММ -нің дін проблемаларын талдау секторының теолог, дінтанушы мамандары қала бойынша азаматтарға діни иммунитет қалыптастыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп және теріс діни ағымдардың жетегіне кеткен азаматтарды оңалтуда. Діни экстремизм мен терроризмге тек осы саладағы мамандар емес, жалпы қоғам болып күркескенде ғана біз экстремизм мен терроризмге тосқауыл қоя аламыз.

Т. Тойшибаев,

Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор менгерушісі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.