«Ежелгі Тараз» қалашығы | arainews.kz

«Ежелгі Тараз» қалашығы

291

Бүгінде сән-салтанаты мен сәулеті келіскен қарт қаланың қақ төрінде оның осыдан мыңдаған жылдар бұрын қаланған іргетасы сақтаулы. Тек іргетасы ғана емес, сол заманның өзінде бабаларымыздың даналығын дәлелдейтін, өркениетін өрнектейтін тіршілік құралдары, ауызсу құбырлары, әлеуметтік нысандар, зергерлік бұйымдардың қаншама ғасыр өтсе де мұрты бұзылмай сақталып қалғанына еріксіз қайран қаласың. Қазір бұл жауһар жәдігерлердің жиынтығы кешенді дала галереясына негізделіп, «Ежелгі Тараз» қалашығы мәңгілік мұражайға айналды.
Жалпы, Ұлы Жібек жолында орналасқан Тараз қаласы (Талас) – б.д.д 36-40 жылдары тарихи-мәдени орталықтардың бірі болып қалыптасқан. Ол жөнінде алғаш рет Византия жазбаларында 568 жылдары дерек көрсетілген. Ал, 630 жылдары осы өңірге саяхаттап келген Қытай саяхатшысы Сюань-Цзянь: «Тараздың аумағы 8-9 ли. Бұл қалада көптеген елдердің саудагерлері аялдап, әртүрлі заттар әкеліп сатады» деп жазған. Араб саяхатшысы Ибн Хаукальда қаланы дәл осылай: «Тараз – мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын қаласы» деп суреттейді. Ал, араб тарихшысы әл-Макдиси: «Тараз – бақтары мол, тұрғындары тығыз орналасқан үлкен қала» – деген мәліметтер қалдырады. Х ғасырдың ортасында Тараз қаласы Қараханидтер империясының ірі мәдени орталығы болды. Осылайша, Кіші Азия тарихындағы Троя шаһарымен тағдырлас, жер-Ананың жеті қабатына іргесі қаланған көне Тараз қаласының орталығы 3 бөліктен тұрды. Олар цитадель, шахристан және рабад.
Тараз қаласының көне негізгі тарихи орталығы «Цитадель» деп аталады. Мұнда қаланы билеушілердің резиденциясы орналасқан. Цитадельге жапсарлас қабырғамен қоршалған қаланың «Шахристан» деп аталатын бөлігінде зиялы қауымның, бай саудагерлердің, қолөнершілердің үйлері және шығыс базары мен мешіт, ал, шахристан қабырғаларына жапсарлас қолөнершілердің шеберханалары, үйлері «рабад» орналасты.
Ежелгі Тараз қаласының аумағында XIX ғасырдың аяғынан бастап жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қыштан жасалған су құбырлары, қоғамдық моншалар, мыс-қола теңгелер құятын орын, тас төселген көшелер және басқа да құрылыстар табылған. Ең қызығы, қазба барысында табылған аумағы кішкене қыш құбырлардың көпшілігінің өзегінде онымен ыстық су жүргендігін дәлелдейтін ақ дақтардың іздері сақталыныпты. Кейбір бөлмелердің астында жылу жүретін жолдар бар. Олардың үстін жалпақ тастармен жауып, әк қосқан ерітіндімен сылап тастаған. Еден астындағы жылу құбырлары қабырғаларының нақышына келтіріліп, әсем әрі берік қалануы олардың осы уакытқа дейін бұзылмай сақталуына мүмкіндік туғызған. Моншаға су арнайы қазылған құдық арқылы келтіріліп, бөлмелер еден астынан салынған ыстық өткізгіш каналдар көмегімен жылытылған.
Ең соңғы қазба жұмыстарын 2013 жылы «Археологиялық сараптама» ЖШС, 2014 жылы жетекшісі т.ғ.к Ж.Е.Смайлов бастаған «Қазархеология» ЖШС мен жетекшісі т.ғ.д. профессор М. Елеуов бастаған «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС жүргізген.

Нұржан Қадірәлі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.