Елбасы волонтер студенттердің шәкіртақысын өсіруді тапсырды | arainews.kz

Елбасы волонтер студенттердің шәкіртақысын өсіруді тапсырды

169

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке волонтерлікпен айналысатын ЖОО студенттерінің шәкіртақысын 30 пайызға арттыруды тапсырды.

«Тәуелсіздік алған жылдан бері біздің елімізде 2,8 млн маман жоғары білім алып шыққан. Егер 1991 жылы жоғары білімі бар адамдардың саны бізде 42 мың болса, 2018 жылы бұл сан 151 мың адамға жеткен.  Америкада халықтың жартысының жоғары білімі бар деп айтып жатады. Ал бізде ондай сапа жоқ. Әлбетте, бізге жоғары білім дегенде дипломды қалтаға салып алу емес, сапаға мән беру керек. Жұмысқа келген кезіңде шамаңның қандай екені байқалады», — деді Мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатында.

Мемлекет басшысы өз сөзінде халықтың жалпы білімді болғанын мақтанышпен айтуға болатынын атап өтті.

«Осыған байланысты жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру, студенттердің өмірін жақсарту мақсатында біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Бес әлеуметтік бастамамда 2018-2019 жылы 20 мың гранттың бөлінетінін айтқаным естеріңізде болар. Сонымен бірге, 2020 жылға дейін 70 мың орындық жаңа жатақхана салуды мақсат еттік. Алдымен, ЖОО-ларды, содан кейін колледждерді жатақханамен қамту керек», — деді Елбасы.

Мемлекет басшысы өз сөзінде осы игі жұмыстар жастарға тезірек еңбек нарығына бейімделуге жол ашатынын атап өтті.

«Халықаралық бағалау бойынша, әлемнің ең ірі 300 компаниясы қызметкерлерінің үштен бірі апта сайын еріктілікке бір сағат бөледі. Біз ол туралы тіпті ойламадық. Осы бағытта арнайы жұмыс істеу керек. Сондықтан, Үкімет еріктілікпен айналысатын ЖОО-лардағы оқығандардың шәкіртақысын шамамен 30 пайызға арттыру бағытында жұмыс істеуі керек. Біз бұны жасай аламыз. Бұл бағыттағы жұмыс студенттерге арнайы көмек болса, халық үшін де пайдалы болады», — деді Елбасы.

Айта кетсек, Жастар жылының ашылуына Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келген.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.

Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан болатын Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.