Амбулаториялық-емханалық нысандарын салу «бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік» аясында іске асырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту туралы баяндаған ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біржанов айтты.
«2016-2018 жылдары өңірлерде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын жасаудың оң динамикасы байқалуда. Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 7 мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасау жоспарлануда. Жасалған 68 мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттың аясында 44 мемлекеттік-жекешелік әріптестік нысаны пайдалануға берілді», — деді министр.
Оның дерегінше, пайдалануға берілген нысандардың аясында 6 бірлік магниттік-резонанстық томограф, 5 бірлік компьютерлік томограф, 5 бірлік рентгендік-диагностикалық аппарат орнатылған.
Сондай-ақ, 11 дәрігерлік амбулатория, 8 зертхана, алты-алтыдан гемодиализ және офтальмалогиялық орталық, үш-үштен қалалық емхана және оңалту орталығы және 1 жедел жәрдем стансасы ашылды. 1003 жұмыс орны құрылды.
«Медициналық-санитарлық алғашқы көмек желісін дамыту бойынша тәсілдер Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында мақұлданды. Амбулаториялық-емханалық нысандарын салу «бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік» аясында іске асырылатын болады. Стационарлық сектор деңгейінде халықаралық қаржы ұйымдарымен) бірлесіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің инфрақұрылымдық моделінің үздік халықаралық практикасын қолдану ұсынылады»,- деді ол.
Е.Біртановтың сөзіне қарағанда, денсаулық сақтау ұйымдарын «бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік» аясында медициналық құрылғымен жарақтандыру Қазақстан Республикасының онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2018 — 2022 жылдарға арналған кешенді жоспары ауқымында пысықталуда.
Айта кетейік, қазіргі кезде денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесі 3 республикалық және 258 жергілікті маңызды жобадан тұрады. Оның ішінде 68 жоба бойынша шарт жасалып, 193 жоба дайындалуда. Жобалар дәрігерлік амбулаторияларды, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттерді, емханаларды, стационарларды салуды және оны пайдалануға беруді, медициналық техникамен жарақтандыруды көздейді.