Дәрігер — қастерлі мамандық | arainews.kz

Дәрігер — қастерлі мамандық

189

Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан жандар қаншама. Солардың бірі — Айжан Есалиева.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/1 (тергеу изоляторы) мекемесінде медициналық бөлімінің бастығы болып қызмет атқаратын Айжан Әлібекқызы — ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі. Бір сөзбен айтқанда нағыз адам өмірінің қорғаушысы.

— Мамандығым өзіме ұнайды. Жұмысымды жанымдай жақсы көремін. 2017 жылдан бері осы мекемеде медициналық бөлімнің бастығы болып жұмыс істеймін. Біздің ұжым білікті мамандардан құралған. Атап айтқанда, Әлия Балымбетова, Айгүл Примбетова, Галия Тимофеевна және Әділхан Тұрсынбаев, Мақсат Әмірбеков сынды әріптестерімнің өздеріне тиесілі жұмысты тиянақты атқарады. Жұмыс барысында біз жазасын өтеушілерді тек дәрі-дәрмекпен ғана емес, психологиялық тұрғыда жылы сөзбен емдеу әдісін де іске асырамыз, — дейді А.Есалиева.

Жалпы, медициналық сала қызметкерлерінің тұғыры күллі әлемді дүр сілкіндірген пандемия кезінде биіктей түскендей. Себебі, қиын кезеңде дәл осы сала қызметкерлері өз өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан, өзгелерге араша түсті. Айжан Әлібекқызы бастаған ЖД-158/1 мекемесі медициналық бөлімінің қызметкерлері де осы кезеңде өз ісінің маманы екендіктерін тағы бір дәлелдеді. Содан болар, оларды мекеме басшылығы адал қызметі үшін үнемі елеп-ескеріп жүреді.

Қорыта айтқанда, медицина қызметкері болу — адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан, тек ісімен ғана емес, жүрегімен емдей білетін ақ халатты абзал жандарымыз көп болса екен деп тілейміз!

Айгүл Тыныстанова,
ЖД-158/1 мекемесінің қызметкері

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.