«Даңқты спортшылар алаңы» – жұлдызды Жамбыл спортының мәртебесі | arainews.kz

«Даңқты спортшылар алаңы» – жұлдызды Жамбыл спортының мәртебесі

149

Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған айтулы нысандардың бірі – Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешені аумағында «Даңқты спортшылар алаңы». «Көне Тараз» қоғамдық қоры қаржыландырған нысан құрылысын Еркін Құлманбетов жетекшілік ететін «Астана UP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

Нысан әр жылдары спорт сайыстарында ел намысын абыройлы қорғаған Жамбыл жұртшылығының мерейін асырған спортшылардың құрметіне орнатылған. Аталған алаңның ортасында биіктігі 6,5 метрді құрайтын факел орналасқан. Оның екі шетінде травертин және гранит материалынан дайындалған,  биіктігі 3 метр, ұзындығы 9 метр болатын 2 құрмет тақтасы қойылған. Құрмет тақтасында Жамбыл өңірінен шыққан даңқты 145 спортшының және 96 еңбегі сіңген жаттықтырушының есімі жазылған.

Алаңның ашылу салтанатына арнайы қатысқан грек–рим күресінен Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Әлем чемпионы, Қазақ КСР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіров облыс спортының жеткен жетістіктері мен мерейінің үстем екендігін айрықша айтып өтіп, аталған нысанның ашылуымен барша жиналғандарды құттықтады. Бұдан соң сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков саланы дамытуда қолға алынып жатқан жемісті жұмыстарды тілге тиек етті. Сондай-ақ салтанатты жиында алаңға есімі жазылған бірқатар спортшыларға арнайы куәліктер табысталды.

Айта кету керек, Жақсылық Үшкемпіров, Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбраимов,  Бақтияр Артаев, Бейбіт Ыстыбаев, Ақжүрек Таңатаров,  Елдос Сметов сынды спорт саңлақтарының кіндік қаны тамған Жамбыл спортының шоқтығы биік.  Тек ағымдағы жылдың өзінде 40 спорт нысаны пайдалануға берілді. Келесі жылы тағы 92 нысан халық игілігіне берілетін болады. Сонымен қатар, өңірде қазына қаржысы есебінен 2 және демеушілер есебінен 1 спорт кешені салынуда. Жыл басынан бері халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекелерде ел намысын қорғаған 14 спортшы жүлделі орынға ие болды.

 

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.