«Цифрлы университет» – сиқырлы университет
ТарМУ облыста «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асырудағы жетекші ғылыми-тәжірибелік алаңға айналады
Сәт сайын жаңарып, түрленген технология дәуірі қазақ қоғамына да түрен салды. Төрткүл дүниенің бір бөлшегі ретінде Қазақстан да жарық жылдамдығымен дамыған ғылыми-технологиялық прогресті айқын сезініп жатыр.
Жыл басында Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы төртінші революциялық жаңғырудың бастауында тұратын «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының қабылданып, тиісті жұмыстардың қолға алынғанын атап өтті. Сәйкесінше, бұл бағдарламаны жаңа заман жетістігін ел дамуы мен халықтың қолайлы өмір сүруіне бағыттаудың жолы деп тануға болады. Бағдарламаны жүзеге асыру мәселесі күнтәртібіне қойылғанда іске алғашқылардың бірі болып білім беру ұйымдары білек сыбана кірісті. Аз уақыт ішінде нақты жоспарлар түзіліп, оқу орындары цифрландыру үрдісін ұрпақ тәрбиесінде, маман даярлау ісінде кеңінен кәдеге жарата бастады. Олардың қатарында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті де бар. Аталмыш оқу орнында жаңа оқу жылынан бастап «Цифрлы университет» жобасы жүзеге асырыла бастайды. Университет ұжымы оқу ордасының 60 жылдық мерейтойына осынау айтулы жетістікпен аяқ басқалы отыр.
Қазіргі таңда оңтүстік өңірдегі ең ірі ғылым мен білім ордасы саналатын оқу орнында «Цифрлы университет» жобасы бойынша жұмыстар арнайы түзілген тұжырымдамаға сай жүргізілуде. Университет басшылығы тұжырымдаманы іске асырудың арнайы жол картасын бекітіп, 2021 жылға дейінгі жұмыс жоспарын түзген. Дәл осы жоспарға сай жыл басында оқу орнының қабырғасында «QYZMET_TARSU» білім алушыларға қызмет көрсету орталығы ашылды. Ал, бір апта бұрын мұнда IT орталық өз жұмысын бастады. Өз кезегінде, бұл орталық облыстағы ақпараттық технологиялар саласы мамандарын даярлау, кәсіби біліктілігін арттыру орнына айналмақ.
Айта кету керек, «Цифрлы университет» жобасын іске асыруда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Португалияның Браганса политехникалық институтымен әріптестік байланыс орнатқан. Сол байланыс шеңберінде өткен жылдың қазан-желтоқсан айларында Браганса политехникалық институтының профессоры Альбано Алвеса ТарМУ-дың инновация және ақпараттық технологиялар бойынша проректоры қызметін атқара жүріп, университеттегі білім беру үрдісін автоматтандыруда компьютерлік бағдарламаны енгізу жобасын әзірлеп шықты. Бұл жобаның таныстырылымы университеттің профессор-оқытушылар құрамының қолдауына ие болып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға сай М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Цифрлы университетке» айналдыру жұмысын ұйымдастыруды оқу орнының тіркеу офисі өз мойнына алды. Бұған дейін университеттегі оқу үрдісінің негізі саналатын студенттерді дәрістерге тіркеу, олардың емтихандарды тапсыруын бақылаумен айналысқан құрылымдық бөлімнің алдында енді жаңа міндет тұр.
– Біздің университетте «Цифрлы университет» жобасы арнайы тұжырымдамаға сай жүргізілуде. 7 негізгі бағыттан тұратын тұжырымдаманың алғашқы тармақшаларында айтылған «QYZMET_TARSU» білім алушыларға қызмет көрсету және IT- орталықтарын ашу жұмыстары орындалды. Қазіргі таңда қызмет көрсету орталығының жұмысы тіркеу офисі арқылы жүргізіледі. Бұл орталықта бүгінде студенттерге 4 түрлі қызмет ұсынылады. Орталық жұмысын бастағалы студенттер өздеріне қажетті анықтамаларды алу үшін деканаттарда уақыт жоғалтпайтын болды. Студенттер алғашқы күннен «Бір терезе» қағидасына сай қызмет көрсететін орталықтың тиімділігіне көз жеткізді. «Цифрлы университет» тұжырымдамасы негізінде таяу арада мұнда көрсетілетін қызметтердің түрі толыға түседі. Сәйкесінше, орталыққа арнайы білімі бар мамандарды қызметке тарту да жоспарланған, – деді тіркеу офисінің директоры Наталья Чернявская.
Шынында да әлемдік озық тәжірибеге негізделген «Цифрлы университет» жобасының маман даярлау, ғылымды дамыту ісінде берері мол болатын түрі бар. Ең бастысы, жоба шеңберінде оқу үрдісі толығымен автоматтандырылып, студенттердің жеке ізденісіне көп уақыт беріледі.
– Жобаның негізгі міндетінің бірі студент пен оқытушы арасындағы қарым-қатынасты мейлінше электронды жүйеге көшіру болып табылады. Бұл үрдіс былайша өрбиді. Ең әуелі «Цифрлы университет» оқытушылары студенттеріне тапсырманы смартфондарға арналған арнайы бағдарламалық қосымша арқылы береді. Ал, смартфонына ұстаздың тапсырмасы туралы хабарлама түскен студент өз жұмысын аяқтаған соң оны оқытушыға бағдарламалық қосымша арқылы кері жібереді. Тапсырмалардан бөлек, студенттердің смартфондарына университетте таяу арада өткізілетін іс-шаралар, оқу үрдісіндегі соңғы жаңалықтар мен хабарландырулар жолданып отырады. Сондай-ақ, жоба шеңберінде ақпараттық технология саласы бойынша мамандардың біліктілігін жетілдіру, ғылымды цифрландыру, құжат айналымын автоматтандыру, онлайн курстарды ашу жұмыстары қолға алынады. Нәтижесінде, университет облыстағы IT саласы бойынша жетекші ғылыми орталыққа айналады.
Тіпті, біз аудиториядағы дәрістерден босаған студенттердің оқу үлгеріміне алаңдаушылық білдірген ата-аналардың жайын назардан тыс қалдырмауға тырыстық. Оларға бағдарламалық қосымша арқылы балаларының оқу үлгерімін бақылау мүмкіндігі берілген, – дейді Наталья Чернявская.
Әрине, жаңа заман технологиясы жоғары білікті маман даярлап, олардың кәсіби біліктілігін арттыруда маңызды рөлге ие. Сәйкесінше, «Цифрлы университет» жобасы университеттегі ақпараттық технология саласы мамандарын даярлау ісінің екінші тынысын ашатын сыңайлы. Неге десеңіз, португалдық тәжірибеге негізделген жобаны кезең-кезеңімен іске асыру аясында мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру, қос дипломды білім беру бағдарламалары іске асырылмақ.
– «Цифрлы университет» жобасының тұжырымдамасына сай оқу үрдісі мен құжат айналымын электронды жүйеге көшіруде біздің факультеттің профессор-оқытушылар құрамына мол жауапкершілік жүктелген. Сондай-ақ, бізде «Ақпараттық жүйелер», «Информатика», «Есептеу техникасы және бағдарламалық жабдықтау», «Автоматика және басқару» мамандықтары бойынша мамандар даярланады. Португалияның Браганса институтымен әріптестік байланыс арқылы қос дипломды білім беру мүмкіндігін жан-жақты пысықтап жатырмыз.
Ал, өткен жылдан бастап біз Польшаның Люблин политехникалық университетімен бірлесіп, «Мехатроника» мамандығы бойынша маман даярлай бастадық. Бүгінде ақпараттық технология саласындағы ең жаңа және қажетті мамандық саналатын «Мехатрониканы» біздің университет қабырғасында 20-ға жуық студент меңгеруде. Олар жыл соңында білімін жетілдіру үшін Польшаға аттанады. Сәйкесінше, оқуды аяқтаған соң түлектер бір мезгілде Тараз мемлекеттік университеті мен Люблин политехникалық университетінің дипломын алып шығады. Міне, дәл осы жүйені алдағы уақытта Браганса политехникалық институтымен де жолға қоямыз. Нәтижесінде, еңбек нарығында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға қабілетті білікті мамандар шоғыры пайда болады, – дейді ақпараттық технология, автоматика және телекоммуникация факультетінің деканы Гаухар Мұратова.
Күнделікті өмірімізге дендеп енген жаңа технологияны жатсынбай, оны халықтың тұрмысын оңалтуға пайдалану құптарлық жайт. Әрі қоғамды цифрландырудағы әлемдік тәжірибе бұл бастаманың нәтижелі болатындығын аңғартады. Осы орайда, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын облыста іске асырудың ғылыми-тәжірибелік алаңына айналуға ниет білдірген М.Х. Дулати Тараз мемлекеттік университеті ұжымымен жасалған жұмыстың жүйелілігін атап өтпеске болмайды. Әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы жоспарланған міндеттер де профессор-оқытушылар құрамынан жоғары кәсіби біліктілікті қажет етеді. Ең бастысы, «Цифрлы университет» деп танылған оқу ордасынан таяу арада тәжірибесі толысқан, қабілетті ақпараттық технология саласының мамандары түлеп ұшпақ.
Шынболат Күзекбаев