Батыр рухына құрметтің белгісі | arainews.kz

Батыр рухына құрметтің белгісі

162

Меркі ауданы, Сыпатай ауылының Сыпатай батырдың кесенесі ХІХ ғасырдың аяғында Қоқан әміршілеріне қарсы күрескен, қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінде қол бастаған Сыпатай батырдың басына тұрғызылған. Сондықтан да бұл нысанды 2017 жылғы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар және жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне алған.

1781-1868 жылдары өмір сүрген Сыпатай Әлібекұлы батырлығымен, сөзге шешендігімен, дауға әділдігімен халық арасында зор беделге ие болған тарихи тұлға. Қарапайым шаруа отбасында туып өскен ағайынды Сыпатай мен Андас та жігерлі, намысқой болып ержетіп, ел ісіне араласады. Сыпатай батырдың кескін-келбетін Кенен Әзірбаев былайша суреттейді: «зор денелі, құлағы сүйемдей, омырау жүні бір түп қамыстай, құлағына тұрған қырауды қамшысымен қағып тастап жүре беретін. Сөзге де шешен, тапқыр болыпты».

ХІХ ғасыр басында қазақ даласына қоқандықтар тізе батыра бастаған тұста дүние есігін ашып, ержеткен батыр бала күнінен зорлық-зомбылықты көрген. Сондықтан ержеткен соң барлық саналы ғұмырын елдің азаттығы үшін күреске арнайды. Атқа қонып, қолына қару алып қоқандықтарға қарсы күреске шығады. Оның бұл әрекет қолдаушылар табылып соңына ереді. Халықтан шеттен тыс алым-салық жинап мезі еткен қоқандық жасауылдарын елден қуғындайды. Осы істі жоғары деңгейде ұйымдастыра білген Сыпатай аз ғана уақытта ерлік істерімен ел құрметіне бөленеді.

Тік мінезді Сыпатай батыр Кенесарыға: «Ұлы жүз елімді ескермедің, жасымның үлкендігін біліп, жөн сұрап қол бермедің», – десе, өзін тілдеген Наурызбай сұлтанға: «Төреде де төре бар, төбет итке пара-пар, біздерде туған бала бар, әке кегін ала алар – бас кесер яки жаралар» деп қаһарлы хандардан да қаймықпай сөйлеген өткір сөздері ел аузында сақталған. Алайда тағдыры алмағайып заманға тұстас келген батырдың алдында таңдау жасауға тура келген тарихи кезеңдер тұрды. Елі мен жерінің амандығын сақтап қалу үшін басын бәйгеге тіккен батыр басына орнатылған кесене 9,0х9,5 м көлемінде күйдірілген қызыл кесектен өріліп, төбесі дулыға тәрізді күмбезбен жабылған.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.