№3 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Тараз қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат
ШИЛІБЕК КЕНЖЕҒАЛИ ҚОШҚАРБАЙҰЛЫ
Өмірбаяным
Мен, Шилібек Кенжеғали Қошқарбайұлы, 1973 жылы 9 қыркүйекте Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақкөл ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келдім.
1990 жылы Ақкөл ауылындағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепті күміс медальмен бітірдім. 1995 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын, ал 2005 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдадым.
Мамандығым – инженер-механик, физика және математика пәндерінің мұғалімі.
Еңбек жолымды 1995 жылы Ақкөл ауылындағы №22 кәсіптік-техникалық училищесінде арнайы пәндер оқытушысы болып бастадым.
Жоғары білім беру саласындағы қызметімді 2000 жылы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде маман қызметінен бастап, бөлім меңгерушісі, кафедра меңгерушісі, ғылыми бағдарламалар орталығының директоры, факультет деканы және институт директоры лауазымдарын атқардым.
2008 жылы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау» мамандығы бойынша аяқтадым. Техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін, қауымдастырылған профессор ғылыми атағын алдым.
2025–2026 оқу жылында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде қауымдастырылған профессор қызметін атқардым.
Қазіргі уақытта Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде Ғылым және инновация басқармасының басшысы қызметін атқарып келемін.
«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегерімін.
Отбасылымын. Үш ұлдың әкесі, алты немеренің атасымын.
Сайлауалды бағдарлама
Құрметті сайлаушылар!
Менің басты мақсатым – округ тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, қордаланған мәселелерді шешуге ықпал ету және елді мекендердің әлеуметтік- экономикалық дамуына үлес қосу. Депутаттық қызметті халық пен билік арасындағы тиімді байланыстың тетігі ретінде қарастырамын. Осы мақсатта төмендегі бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді көздеймін.
1. Округ мәселелерінің нақты картасын жасаймын
Тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, әрбір көше мен елді мекендегі жол, көше жарығы, ауызсу, кәріз жүйесі, қоғамдық көлік, тазалық және әлеуметтік нысандарға қатысты мәселелерді анықтап, жүйе- леймін. Оларды маңыздылығы мен шұғылдығына қарай саралап, кезең-кезеңімен шешу жөнінде нақты ұсыныстар енгіземін. Тұрғындардың өтініштері мен талап-тілектерін назардан тыс қалдырмаймын.
2. Қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға ықпал етемін
Көшелерді жарықтандыру, автомобиль жолдары мен жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу, аялдамаларды ретке келтіру, балалар және спорт алаңдарын салу, бейнебақылау жүйелерін орнату мәселелерін тұрақты назарда ұстаймын. Әсіресе, балалардың, қарттардың және тұрғындардың қауіпсіз қозғалысына қолайлы жағдай жасауға басымдық беремін.
3. Жол және коммуналдық инфрақұрылымды жақсартуға күш саламын
Округ тұрғындары сапалы ауызсумен, тұрақты электр энергиясымен, жөнделген жолдармен, жарықтандырылған көшелермен, қолжетімді қоғамдық көлікпен және сапалы интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен қатар медициналық және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелерін көтеремін. Аталған қажеттіліктерді қаланың даму жоспарларына енгізіп, тиісті мекемелермен бірлесе отырып, олардың кезең-кезеңімен шешілуіне ықпал етемін.
4. Білім беру, жастар саясаты және бұқаралық спортты қолдаймын
Мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қосымша білім беру үйірмелерін көбейту мәселелерін көтеремін. Жастардың сапалы білім алуына, кәсіби дамуына, жаңа бастамаларын жүзеге асыруына және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуына қолдау көрсетемін. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлемін.
5. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға ықпал етемін
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық және әлеуметтік нысандарға еркін қатынауын қамтамасыз ету, ғимараттар мен жаяу жүргіншілер жолдарын олардың қажеттіліктеріне бейімдеу мәселелерін назарда ұстаймын. Сапалы медициналық және әлеуметтік қыз- мет көрсету, жұмыспен қамту, қоғамдық өмірге белсенді араласу мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде нақты ұсыныстар енгіземін. Әрбір азаматтың қоғамда өзін еркін әрі жайлы сезінуіне жағдай жасау маңызды деп санаймын.
6. Жастарды жұмыспен қамтуға және баспанамен қамтамасыз етуге қолдау көрсетемін
Балалар үйінің түлектеріне, жұмыссыз және өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарға мамандық таңдау, кәсіптік білім алу, жұмысқа орналасу, жеке кәсіп бастау және тұрғын үй бағдарламаларына қатысу бағытында ақпараттық әрі ұйымдастырушылық қолдау көрсетілуіне ықпал етемін. Жастардың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп, тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасау мәселелерін көтеремін.
7. Экологиялық тазалық пен көгалдандыруды басты назарда ұстаймын
Өзендер мен арықтарды, көшелер мен қоғамдық орындарды тазарту, жасыл аймақтарды күтіп-баптау, заңсыз қоқыс орындарын жою, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және уақтылы шығару мәселелерін жүйе- лі түрде көтеремін. Ағаш отырғызу, жасыл желектерді көбейту және оларды күтіп-баптау жұмыстарын тұрғындармен бірлесе ұйымдастыруға атсалысамын.
8. Бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға күш саламын
Балалар мен жастарға арналған қауіпсіз әрі жарықтандырылған спорт және ойын алаңдарының салынуына, қолданыстағы нысандардың жөнделуіне ықпал етемін. Аула клубтарының жұмысын жандандыру, спорт секцияларын көбейту, бұқаралық спорттық жарыстар мен отбасылық сайыстар ұйымдастыру бастамаларын қолдаймын. Тұрғындардың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасауға атсалысамын.
9. Қоғамдық көлік қызметінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал етемін
Қоғамдық көліктің тұрақты қатынауын, бағыттардың тұрғындар сұранысына сай болуын, аялдамалардың жаңартылуын және олардың қолайлы жағдайға келтірілуін назарда ұстаймын. Әсіресе, шалғай көшелер мен елді мекендерде тұратын тұрғындардың қоғамдық көлік қызметіне қолжетімді болуына мән беремін.
Қадірлі жерлестер!
Бірлігіміз бекем, мақсатымыз ортақ болса, алынбайтын асу жоқ. Ел сенімін адал еңбекпен, ашықтықпен және нақты іспен ақтауға дайынмын!
Тапсырыс беруші: №3 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Тараз қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат Шилібек.К.Қ.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын
шығыстары есебінен төленді.
Comments are closed.