«Ұлы даланың дана ақыны – Абай» әдеби-әуенді кеші өтті — arainews.kz

«Ұлы даланың дана ақыны – Абай» әдеби-әуенді кеші өтті

16

10 тамыз – Абай күніне орай Тараз қаласында «Ұлы даланың дана ақыны – Абай» атты әдеби-әуенді кеш ұйымдастырылды.

Рухани мазмұнға толы шара Тараз қаласының төрі – Абай даңғылы бойындағы ұлы ақынның ескерткіші алдында өтті. Іс-шараны Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония және Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бірлесіп ұйымдастырды.

Кештің негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлының бай әдеби мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, оның даналыққа толы өлеңдері мен қара сөздері арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, әдебиет пен ана тіліне деген құрметті арттыру болды.

Шара барысында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары Айгүл Есекеева, Ернұр Абухас, Дамир Рахимбердиев және Бекарыс Көштаев Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Өзгеге, көңілім, тоярсың» әндерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері Абайдың «Бойы бұлғаң» әнін орындап, кештің көркемдік мазмұнын байыта түсті.

Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері ұлы ақынның «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап», «Есіңде бар ма жас күнің» атты жауһар жырларын тебірене оқып, әдеби кештің рухани әсерін арттырды.

Шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінің сарбаздары да қатысып, Абай шығармаларынан үзінділер оқып, ұлы ақын мұрасына деген құрметтерін білдірді.

Кеш соңында Абай атындағы орталық кітапхананың қызметкерлері ойшылдың қара сөздерінен тағылымды үзінділер оқып, жиналған қауымды терең ойға жетеледі. Осындай мазмұнды шара Абай мұрасының мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте айқындап, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.