Бұл азамат өмірбаянында Меркіде орыстар мен түземдіктерге арналған мектепте (Суреттегі ғимарат) бірге оқығандардың біразының аты-жөнін атайды. Қазақстан халық жазушысы Шерхан Мұртазаның жазуынша бұл мектепте қазақ халқының болашақ Тау Тұлғасы Тұрар Рысқұлов «Қырғызбаев» деген фамилиямен оқығаны белгілі. Сондықтан да ол жазба біз үшін өте құнды. Өмірбаян кейінірек жазылғандықтан Үсіп жазбасында «Тұрар Рысқұлов» деп анық жазады. 1910 жылға дейін осы мектепте білім алғандардың қатарында Қабылбек Сарымолдаев, Қалыш Қожабергенов, Мақсұт Жылысбаев, Тұрдалы Тоқбаев, Рахманқұл Орынтаев, Сәдуақас Жамансартов, Ысқақ Әсімов және басқалардың болғаны айтылады. Бұл азаматтардың барлығы да Тұрардың сенімді серіктері, қиын-қыстау кезінде арқа сүйер достары болып, берісі Әулиеата, арысы еліміздің аумағында қазақ халқының жарқын болашағы үшін жан аямай еңбек етті. (Өкінішке орай қызыл империя тұсында олардың барлығына дерлігі «халық жауы» атанып, атылды, сотталды, жер аударылды.
Жуырда дәл осы мектеп қоймаға айналып жатқаны жазылды. Тағы да өкініш. Қазақ зиялыларын қалыптастырған бұл мектеп сонау отаршыл Ресей империясы Оңтүстік Қазақстанда өз билігін орнатқан тұста ашылған алғашқы орыс-тузем мектептерінің бірі. Мұндай мектептер ең алғаш қазіргі Бішкекте, Таразда және Меркі ауданында болған. Тіпті кейбір архив құжаттарында Меркінің қала статусы болғаны көрсетілген. Сондықтан бұл мектеп Әулиеата өңірінің, түптеп келгенде қазақ тарихының ажырамас бір бөлігі. Ал, тарихты ұмытуға болмайды.
Назым Қожамарова