Әлемде екінші дүниежүзілік соғыс белең алғанда КСРО үшін солтүстік-батыс шекараны нығайту өзекті еді. Осы орайда Ленинградтан шекара шебін қашықтата түсу мақсатында КСРО үкіметі Финляндиямен Карелия түбегіндегі кеңес-фин шекарасын Ленин қаласынан бірнеше ондаған километрге батыс бағытқа жылжыту тұрғысында келіссөздер жүргізе бастады. Есесіне Финляндияға Кеңестік Карелия территориясынан екі есе көп жерлер беру қарастырылды. Әрине, мұндай «біржақты тиімді» (КСРО-ға) келіссөз өз нәтижесін бермейтіндігі әу бастан-ақ белгілі болатын. Бұл тұста КСРО-ның 1920 жылғы Кеңес – Финляндия арасындағы бейбіт келісімшарт пен 1932 жылғы шабуыл жасамау туралы келісімшартты бұза отырып, тәуелсіз мемлекеттің территориясына халықаралық құқық нормаларын сақтамай, баса-көктеп кіргенін айта кетуіміз керек.
Екінші жағынан, соғыс өртінің тұтануына батыс державаларының айтағына ерген Финляндияның басшы топтары да кінәлі деп ойлаймыз. Соның салдарынан 1939 жылдың 30 қарашасында екі ел арасында соғыс басталды. Майданның алғашқы күндері-ақ, Қызыл Армия әскерінің орманды-батбақты жерлердегі 40-50 градустық аязда, финдердің темірбетоннан салынған қоршауларын бұзып өтуге шамасы келмейтіндігі мәлім болды. Себебі, әскери билікке жаңадан араласқан жас офицерлер мұндай қиын-қыстау жағдайда жол табуға машықтанбаған еді. Тиісінше, 1937-38 жылдардағы репрессия кезінде 25 мың кадр офицерлерін қуғын-сүргінге ұшыратып, қырып салған кеңестік биліктің өз Қарулы Күштеріндегі жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмауы, әскерлердің баудай түсуіне әкеліп соқты. Сонымен қатар, жаңа әскери техника мен қару-жарақтың болмауы, жауынгерлерді материалдық жағынан әлсіз қамтамасыз ету де соғыстың КСРО пайдасына шешілуіне кері әсерін тигізді. Осындай қиыншылдықтарға қарамай, майданға тартылған қазақстандықтар және басқа да барлық одақтас республикалардан жасақталған кеңестік әскерлер қатарындағы жауынгерлер жан аямай соғысып, табандылықтың, ерліктің үлгісін көрсете алды.
Кеңес-фин соғысы басталар тұста Қызыл Армия қатарында 178 мың қазақстандық жауынгер (олардың 40 мың 600-і қазақ) болған еді. Олардың ішінде кеңес-фин соғысында Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған жерлесіміз Сергей Луганскийдің де болғанын айта кетуіміз қажет. Атақты әскери ұшқыштың Ұлы Отан соғысы кезінде 2 рет Кеңестер Одағының Батыры атағын алғаны баршамызға белгілі. Осындай ерен ерлігімен көзге түскен тағы бір қазақстандық әскери ұшқыш Ермұқан Ыдырысов та Финляндияға қарсы соғыстағы үздік әскери іс-қимылдары үшін Қызыл Жұлдыз орденімен наградталған.
Жалпы, аталған соғыста орден және медальдармен марапатталған қазақстандықтар аз болған жоқ. Мәселен, атқыштар дивизиясының барлаушысы Жеткербай Сәтпаев пен 51-атқыштар дивизиясының атқышы Мәлік Өтебаев Ленин орденімен марапатталса, Қызыл Ту орденімен 19 қазақстандық әскер, соның ішінде 10 қазақ марапатталып, 17 жерлесіміз Қызыл Жұлдыз орденін төсіне таққан екен. Олардың 4-еуі қазақ. Қазақстанда құрылған 219-атқыштар полкінің әскерлері Ладога көлінің солтүстігінде жүргізілген ұрыстарда ерекше көзге түсті. Олардың ішінде кіші лейтенант М.Сақыпов, капитан И.Перекатов және аға лейтенант Яковлев болды.
Десе де, Финляндиямен арада болған соғыс 1940 жылдың 13 наурызында бейбіт келісім жасау арқылы тоқтатылды. Аталған келісім бойынша Ленинградтан солтүстікке қарай орналасқан шекара белдеуі Выборг-Сортавала шебіне дейін ұзартылды. Карелия түбегі, Фин бұғазындағы бірнеше аралдар, Куолоярви қаласы айналасындағы территориялармен қоса, Рыбачий және Средний түбектерінің біршама жерлері КСРО-ның құрамына өтті.
Байқап қарасақ, соғысты сүлесоқ бастаған КСРО билігі өздерінің әскери-тактикалық жоспарларын жауынгерлердің жанкештілігі арқасында жүзеге асыра алған. Дегенмен, бұл Қызыл империяның агрессиялық саясатының бір парасы ғана еді. Еске алар болсақ, осы оқиғалардан 2-3 ай бұрын «Молотов-Риббентроп» сепараттық келісім шарты бойынша Польша мемлекеті бөлшектеніп, Батыс Украина мен Батыс Белоруссия КСРО-ның құрамына қайтарылған болатын. Сәл кейінірек Кеңестік мемлекет Бессарабия мен Балтық жағалауы мемлекеттерін де өз қатарына қосты. Ол туралы сөз қозғау бөлек әңгіме.
Біздің негізгі айтпағымыз, жылда Ұлы Отан соғысы ардагерлерін ардақтап жатамыз. Бұл өте құптарлық іс. Олардың ішінде фин соғысына қатысқандары да жетерлік. Өкінішке қарай, қатары бүгінде шындап сиреді. Десе де, фин соғысына қатысып, ауыр жарақат алып елге оралған жерлестеріміздің бар болуы әбден ықтимал. Себебі, біздің әскери өмірімізге қатысты тарихи деректерді архивтер көбіне 1941 жылдан бері қарай қамтиды. Сондықтан, қаламгерлер қауымы 1939-1940 жылдар аралығында фин соғысына қатысып, елеусіз қалған майдангерлерді тапса нұр ұстіне нұр болар еді деген тілегім бар. Өйткені бұл да өскелең ұрпақ үшін, тарих үшін керекті дүние.
Сейдехан Бақторазов,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік
университетінің доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты