Бүгін облыс әкімдігінде аймақ басшысы А.Мырзахметовтың қатысуымен өткен жиында өңірдегі өзекті саланың бірі саналатын ауылшаруашылығы мен жер қатынастары басқармаларының 2018 жылдың 12-айында атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.
Өткен жылы Жамбыл облысының ауылшаруашылығы саласында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Барлық сала 102-106 пайызға дейін артығымен орындалған. Тек, кейбір жекелеген аудандарда инвестиция тарту мен ет экспортында төмен көрсеткіш байқалды. Алайда, ол жалпы облыстық көрсеткіш есебімен толықтырылып отыр.
Бүгінгі жиында сол артта қалған аудандар жөнінде де сөз болды. Бұл жаңа форматтағы жиын болғандықтан, әр аудан әкімінің осы салаға қатысты орынбасарлары орындарынан тұрып жауап беруге тура келді. Мәселен: Мойынқұм өңірінде ет экспорты төмендеп, ауылшаруашылығы саласындағы несие беру жағы кері кеткен. Ал, Талас пен Жуалыда инвестиция тарту жұмыстары алға жылжымай отыр. Бұдан бөлек, облыс басшысына 12-айдағы барлық саладағы ахуал жеке-жеке баяндалды.
Жиында ет экспортын арттыру мәселесі, шаруашылықтарды минералды тыңайтқыштармен қамту жағдайы қаралды. Ал, осы саладағы өзекті мәселені бірі болған қант қызылшасы дақылын өсіру жұмыстарында да бірқатар кемшіліктер орын алған. Мәселен: жыл басында 8400 гектар жерге тәтті түбір егілді деп есеп берілсе, оның 6300 тоннасы ғана қант зауыттарына өткізіліп отыр. Кооперативтер құру мен ауылшаруашылығы саласын әртараптандыру бойынша жауапты басқарма мен аудан әкімінің орынбасарларына нақты тапсырма берілді.
Дәл осы жиында қаралған екінші мәселе Жамбылдағы жердің жағдайы. Суармалы егістік көлемі мен пайдаланылмай жатқан жер телімдері қанша? Жыл басында облыс әкімінің тапсырмасына орай жерлердің ғарыштық түсірілім жасалып, нәтижесінде 46 мың игерусіз жатқан бос жерлердің бар екендігі анықталған. Ал, Жамбылда шаруалар 40 мың гектардан астам жер сұрап, өз шаруашылығын дөңгелетіп әкете алмай отыр деді облыс басшысы. Осыған байланысты нақты талдау жасауды ұсынып, жауапты басқарманың 12- айда атқарған жұмысының есебін тыңдады.
Қорытынды жиын соңында барлық айтылған мәселелер бойынша нақты ұсыныстар күтетінін айтқан аймақ басшысы, берілген тапсырманың орындалуы жөнінде бір айдан кейін тағы бір кеңес өткізетінін еске салды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі