Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар жасалды | arainews.kz

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар жасалды

805

Өткен аптада Түркістан облысы әкімдігінде кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Сонымен қатар екі ұлттық компанияның басшысы ауысып, мұнан өзге де кадрлық тағайындаулар орын алды.

Сонымен ҚР Президенті әкімшілігі келісімімен және облыс әкімі өкімімен Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметіне Мәлік Отарбаев тағайындалды.

Мәлік Нұржанұлы 1980 жылы Жамбыл облысы Свердлов ауданы Ақжар елді мекенінде дүниеге келген. Білімі-жоғары. 2001 жылы Сүлеймен Демирель атындағы университетті  «Халықаралық экономикалық қатынас»  мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы Әл-Фараби атындағы мемлекеттік университетінде ғылыми тағылымдамашы болып бастаған. 2003-2006 жылдары осы білім ордасының аспиранты, 2006-2012 жылдары   «Диалог Еуразия Қазақстан» журналының үйлестіруші-жауапты хатшысы, 2014-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт министрлігінің Халықаралық түркі мәдениетін дамыту, «ТҮРКСОЙ» ұйымының өкілі болып қызмет атқарған. Бүгінгі таңға дейін Қазақстанның Туркиядағы  Елшілігінің үшінші хатшысы болып жұмыс істеген. Ал, бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы болып Сауат Мыңбаев тағайындалды.

Сауат Мыңбаев бұрын қаржы құрылымдарында әртүрлі қызметтерді атқарған. Әр жылдары Қазақстан Республикасы қаржы министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы қаржы министрі, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы сауда және индустрия министрі, Қазақстан Республикасы энергетика және минералды ресурстар министрі, Қазақстан Республикасы мұнай және газ министрі лауазымдарында еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болған.

Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы  қызметіне Алик Айдарбаев келді.

А.Айдарбаев әр жылдарда «Оңтүстік Мұнайгаз» МАҚ, «Құмкөл-ЛУКОЙЛ» (кәсіпорынның аты кейіннен «Торғай Петролиум» ЖАҚ деп өзгертілді), «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компанияларында басшы лауазымдарын атқарған. 2011-2013 жылдары «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры болған. 2013 жылдан 2017 жылға дейін Маңғыстау облысының әкімі, 2017 жылдың наурызынан 2018 жылдың қаңтарына дейін ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі болды. 2018 жылғы 15 қаңтардан бері «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары лауазымын атқарды.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және аудандық мәслихат депутаттарының қолдауы негізінде Ақмола облысы Аршалы ауданының әкімі қызметіне Талғат Қойбағарұлы Мұханбеджанов тағайындалды.

Талғат Қойбағарұлы 1967 жылы туған. С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін, Қазақ экономика, қаржы жəне халықаралық сауда университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1989 жылы еңбек пәнiнiң оқытушысы болып бастады. Бурабай кентiнiң әкiмi, Щучинск қаласының әкiмi, Атбасар ауданы әкiмiнiң орынбасары, Аршалы және Ерейментау аудандарының әкiмi лауазымдарын атқарған. 2016 жылдың қыркүйегінен бастап Ақмола облысының жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы қызметінде болды.

«Уақып» Қазақстандық қоры» корпоративтік қайырымдылық қоры Қамқоршылар кеңесінің сырттай отырысының шешімімен Қайрат Әзімов «Уақып» қоры президенті қызметіне тағайындалды.

Қайрат Әзімов «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ-ның Инвестицияларды тарту департаментінде және ҚР Сыртқы істер министрлігі жүйесінде қызмет атқарған.

«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқармасының шешімімен Серік Мұратбекұлы Оразғалиев «Семей халықаралық әуежайы» ЖШС-нің директоры болып тағайындалды.

Серік Оразғалиев Шығыс Қазақстан облысында 1973 жылы туған. 1996 жылы Семей мемлекеттік университетін, 2000 жылы Мәскеу мемлекеттік университетін, ал 2013 жылы Алматы қаласының «Азаматтық авиация академиясын» тәмамдаған. Бірнеше жыл бойы Шығыс Қазақстан облысының адвокаттар алқасында жұмыс істеді, «Тұғыл-Ет» АҚ вице-президенті болды. 2002 жылдан бастап 2018 жылға дейін «Өскемен әуежайы» АҚ атқарушы директоры болып жұмыс істеді. 2016 жылы «Құрметти Авиатор» медалімен марапатталған.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.