ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында атқарылатын жұмыстарды жариялады.
«Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын ақпараттық насихаттауға аса үлкен көңіл бөледі. Біріншіден, бүгінде министрлік тарапынан бұл бағдарламалық мақаланы ақпараттық сүйемелдеу, сонымен қатар халыққа мәні мен мағынасын түсіндіру БАҚ арқылы жүзеге асырылуда. Екіншіден, осы мақалада көтерілген мәселелер мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бойынша мемлекеттік тапсырыстың тізбесіне енгізіледі. Тисінше, тақырыптық бағыттар аясында телеарналарда танымдық әрі білім беру ақпараттық бағдарламалар, телесериалдар, деректі фильмдер, әлеуметтік роликтер әзірленеді», — деді Ержан Нүкежанов «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық қоғамдық кеңестік отырысында.
Сонымен қатар, басылымдарда бірнеше айдарлар ашылатыны, осы орайда «Көне тарих көмбесі» айдары қамтылатыны белгілі болды. Оның аясында ел аумағындағы киелі орындар, археологиялық ескерткіштер мен бұрын белгісіз болып келген тарихи жерлер туралы материалдарды, ғалымдардың жаңалықтары мен сұхбаттарын жариялау басталады.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды.