Медициналық құжаттар цифрлық нұсқада жүргізілмек | arainews.kz

Медициналық құжаттар цифрлық нұсқада жүргізілмек

280

Елбасы Жолдауы – мемлекет бұған дейін қолға алып, сәтті жүзеге асырып келе жатқан индустрияландыру, цифрландыру, Қазақстанның үшінші жаңғыруы бастамаларына тың серпін берген маңызды құжат болып саналады. Мемлекет басшысы елдің тұрмыс-тіршілігі, әл-ауқаты үнемі басты назарында екенін осы жолы тағы да айқын аңғартты. Тіпті, Жолдау тақырыбының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталуы бұл бағыттағы жұмыстың жаңа қарқынмен жандана түсетіндігін көрсетіп отыр.

Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы. Денсаулық сақтау саласын қамтыған тың идеялар мен жаңа бастамалар өз кезегінде медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға оң әсер етеді.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын 20 пайызға көтеруді тапсырамын. Осы мақсатта келесі жылы бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінеді», – деп атап көрсетті. Яғни, бұл – облысымыздың емдеу-алдын алу мекемелерінде жұмыс істейтін 551 учаскелік дәрігер мен 1 500-ден аса медбикенің жалақысы келесі жылдың соңына дейін өседі деген сөз. Яғни, әр маманның жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, оны жұмыс процесіне енгізу қабілетіне назар аударылмақ. Бұл өз кезегінде медициналық көмектің сапасын жақсартуға, негізгі аурулар кезінде асқынулар мен ауруханаға жатқызу санын азайтуға, сондай-ақ, балалар мен жүкті әйелдерге сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау ұйымдарында 121 бастапқы медициналық құжаттама нысанының 111-і электрондық нұсқаға көшті. Ал, қалған нысандар автоматты жүйеге жыл соңына дейін толығымен енгізіледі.
Сондай-ақ, облыс бойынша 11 медициналық ұйымға «Е-Kezek» электрондық кезекті енгізу үшін жергілікті бюджет есебінен 73 миллион теңге бөлініп, жыл соңына дейін игеріледі. Бұдан бөлек, 43 денсаулық сақтау мекемесінде жалпы 8 686 медициналық қызметкер ақпараттық жүйелерде жұмыс жасайды. Ақпараттық жүйелерге 732 946 электрондық денсаулық паспорты енгізілген. Ол «Халықты тіркеу регистрі» ақпараттық жүйесінде тіркелген халық санының 65,9 пайызын құрады. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін 100 пайызды құрайтын болады. Заман талабынан туындаған міндет ұзын сонар кезекті, қағазбастылықты жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде елімізде жүрек-қан тамыр ауруы алдыңғы қатарда тұр. Жылдың бас құжатында Елбасы жүрекке ота жасауға баса мән беріліп келе жатқанын айтты. Соңғы жылдары барлық облыс орталықтарында жүрекке ашық және жабық ота жасайтын орталықтардың ашылғандығы –
үлкен жетістіктердің бірі. Осының нәтижесінде өмірі қыл үстінде тұрған көптеген адам ажалдан арашаланды. Елімізді алаңдатып отырған тағы бір мәселе – қатерлі ісік сырқаты. Бұл тұрғыда кеселді ерте анықтау, емді уақытында бастау оң нәтиже беруде. Ендеше, шетелде шығатын аппараттарды сатып алып, емді ерте анықтауға барынша күш салу керек. Жолдауда Президент осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керектігін айтты. Осы орайда, қатерлі ісіктердің аурушаңдығын, өлімін төмендету және онкологиялық қызметтің сапасын арттыру мақсатында облыста онкологиялық диспансердің құрылысы жүргізілуде. Оған республикалық бюджеттен 250 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 83 миллион теңге бөлінді. Осылайша көптеген адамның өмірін сақтап қалуға болатынын меңзеген Мемлекет басшысы елдің ертеңге деген сенімін нығайтты.
Қорыта айтқанда, Елбасы атап өткендей, әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды.

Марат Жұманқұлов, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.