Тараз қаласындағы «Достық» үйінде «Аманат» бағдарламасы аясында «Адамдардың елеулі жетістіктері» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен белгілі қолөнер шебері Ырза Тұрсынзаданың «Ұлы дала мұрасы» атты екі күндік шеберлік сыныбы өткізілді.
Нәзікжандыларға дәстүрлі қолөнер туындыларын жасау арқылы өз кәсібін ашуға баулуды мақсат еткен шара бұған дейін республиканың әр аймағында ұйымдастырылған. «Аманат» бағдарламасының құрметті елшісі деп танылған Ырза Тұрсынзада ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған бағдарламаға көпшіліктің қызығушылығы жоғары екенін айтады.
– Бағдарлама аясында ақысыз «Ұлы дала мұрасы» семинар-тренингі өткізіледі. Семинар-тренингтен өткен әрбір әйел өзін-өзі жұмыспен қамту мүмкіндігіне ие болады. Қазір қолөнер туындыларын жасауға қызығушылық артып келеді. Өткен жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіндегі павильондардың бірінде Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен үш ай бойы шеберлік сыныбын ұйымдастырдым. Бұл шеберлік сыныпқа шетелдік туристер де қатысып, қолөнер туындыларын жасауға құштарлығы оянғанын айтып жатты, – дейді қолөнер шебері.
Шеберлік сыныбы соңында жергілікті қолөнер шеберлерінің көрме-байқауы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, шараға қатысушыларға сертификаттар табыс етіліп, «Аналар аманаты» фильмі көрсетілді.
Ш.АТЫХАНҰЛЫ