Агросектор «ақылды технологиялармен» алға басады | arainews.kz

Агросектор «ақылды технологиялармен» алға басады

268

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы ел экономикасының «жаңа драйверіне» айналған ауыл шаруашылығы саласының алдына да межелі міндеттер қойды. Бұл орайда қазақстандық агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыра отырып, ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту басты жоспарға айналды. Стратегиялық құжатта ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету жайы да сөз болып, салада «ақылды технологияларды» пайдалану мүмкіндіктерін зерделеу қажеттігі айтылды. Бұл орайда, агросекторды цифрландыру үрдісі Жамбыл өңірінде де жүйелі жүзеге асырылып жатқандығын атап өткен жөн.

Агросаланың өсімдік шаруашылығындағы цифрландыру тәжірибесі Меркі ауданындағы «Смарт Агро Қарқара» және Қордай ауданындағы «Грин Вилл» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Самғау» шаруа қожалығында кеңінен пайдаланылуда.
Қазірдің өзінде «ақылды технологияларды» саланы алға сүйреудің тың әдісі ретінде қабылдауға болады. Мәселен, «Самғау» шаруа қожалығында «Джондир» маркалы тракторына GPS бақылау орнатылған. Жүргізушісіз автоматты режимде жұмыс істейтін техника арнайы бағдарлама арқылы басқарылады. Бұл бағдарламада трактормен орындалатын жұмыс түрі, көлемі көрсетіледі.
Ал, «Смарт Агро Қарқара» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі егіс алқаптарын қашықтықтан зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Серіктестік тұқым себуде дәлдік егіншілік тәсілімен жұмыс істейтін технологияларды да кәдеге жаратады. Бұл егіс алқаптарына тұқымның біркелкі себілуіне әрі жоғары өнімділікке қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, ақылды қопсытқыштар мен цифрландырылған сепкіштер де саладағы озық технологиялық жабдықтарға айналып үлгерді. Тіпті, заманауи құрылғылар егіс алқабындағы арам шөптердің таралу алқабы жайындағы нақты мәліметтерді ұсыну қабілетіне ие. Сол арқылы шаруалар цифрландырылған сепкіштің бағдарламасына алқаптардағы арам шөптердің таралу картасын енгізеді. Одан әрі компьютерлік бағдарлама егіс алқабына химиялық препараттарды қандай мөлшерде себуді өзі реттеп отырады. Бұл шаруалар үшін экономикалық тұрғыдан тиімді. Өйткені, шаруашылық жетекшілері бұрынғыдай арам шөпке қарсы өңдеу жұмыстарын алқапқа жаппай жүргізбейді. Соның есебінен химиялық препараттарға жұмсалатын шығын азаяды. Сондай-ақ, комбайндарға орнатылған заманауи құрылғылар шаруаға сәт егіс алқаптарындағы түсім жайында үздіксіз мәліметтер ұсынып отырады.
Қазіргі таңда «Смарт Агро Қарқара» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Меркі ауданының аумағында 80 гектар жерге қант қызылшасын егіп, оны тамшылатып суару әдісімен өсіруге ден қойған. Серіктестік цифрландыру бойынша жобаларды жүзеге асыру мақсатында «Deutz Fahr L720» маркалы тракторын сатып алды. Бұл тракторға орнатылған навигаторлық жүйе алқапты өңдеуді нақты есептеуге бағытталып отыр. Өз кезегінде, бұл есептеулер жанар-жағар майға, тыңайтқыштар мен өзге де қажеттіліктерге жұмсалатын шығынды азайтуға мүмкіндік беруде. Дрондық технология арқылы көктем айларында қант қызылшасы егілетін аумақтың құнарлылық картасы жасалады. Және бұл карта шаруалардың көктемгі дала жұмыстарының да басты бағдарына айналады.
Мал шаруашылығы саласын цифрландырудағы аса ауқымды жоба келер жылы Жуалы ауданындағы «Гамбург» шаруа қожалағында іске қосылмақ. Бұл жоба 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасын компьютер тетігі арқылы басқаруға мүмкіндік беруімен ерекшеленгелі тұр.
Мұнан бөлек, басқарма халыққа көрсетілетін қызмет түрлерін электронды режимде көрсетуді бастады. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынатын 53 мемлекеттік қызметтің 25-і автоматтандырылған түрде көрсетілуде. Ағымдағы жылы минералды тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасы толығымен автоматтандырылды.
Жыл басында облыс әкімінің тапсырмасына сай өңірдегі егіс алқаптарының 613,7 мың гектарын электрондық картаға енгізу жоспарланды. Биылғы жылдың 9 айының өзінде бұл жоспар 7,2 пайызға артығымен орындалды.
Бүгінгі таңда «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы жерді қашықтықтан зондтау жүйесі барлық аудандарға енгізіліп жатыр. Бұл жерді заңсыз пайдаланушыларды анықтауда және тиімді паудалануда таптырмас тәсіл. Жер ресурстары туралы ақпаратты қолжетімді ету мақсатында облыстың жер қоры ресурстарының интерактивті картасы дайындалу үстінде. Ғарыштық бақылау технологиясы жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілерін тез арада анықтауға жол ашуда.
Қоғамның барлық саласына дендеп енген цифрландыру үрдісі агросаланы бәсекеге қабілетті етуге, халықаралық талаптардың үдесінен шығуға мол серпін беруде. Әрі бұл жұмыстар Жамбыл өңірінде кезең-кезеңімен жалғасын таба бермек.

Берік НЫҒМАШЕВ,
облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы
басқармасының басшысы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.