Меншікті кірістер сомасы артып келеді | arainews.kz

Меншікті кірістер сомасы артып келеді

179

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Роза Исаева «Бюджеттің кіріс бөлігі – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі» тақырыбында брифинг өткізді.

Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың 10 айының ішінде 2018 жылғы облыстық бюджеттің кіріс бөлігі, трансферттермен қоса есептегенде 101,9 пайызға, оның ішінде өз кірістері 109,4 пайызға орындалған. Есепті кезеңде облыс бюджетіне 206,6 миллиард теңге сомасында кірістер түсіп, меншікті кірістер сомасы 45,5 миллиард теңгеге жеткен. Кірістердің жоспарын орындау бойынша облысымыз басқа өңірлермен салыстырғанда, жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр екен. Мәселен, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, меншікті кірістердің өсімі 113,3 пайызға қамтамасыз етілген. Жергілікті бюджеттердің кірістерін ұлғайту бойынша жергілікті өзін-өзі басқару, салық және басқа да органдардың іс-әрекеттерін үйлестіру тетіктерінің бірі – облыс бойынша 2018-2020 жылдарға арналған Өзара іс-қимыл жоспары бекітіліпті.
–Ең алдымен, жоспар жер учаскелерінің және басқа да жылжымайтын мүліктердің меншік иелерін анықтап, оларды салық төлеуге тартуды, жеке тұлғалардың мүлік, жер учаскелеріне меншік құқықтарын рәсімдеулеріне жәрдемдесуді, ауыл шаруашылығы мақсатындағы нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын, сондай-ақ белгіленген мерзімде игерілмеген жер учаскелерін зерделеуді көздеп отыр. Мұндай жер учаскелерінің иелері қолданыстағы салық заңнамасының нормаларына сәйкес, салықтарын жоғарылатылған мөлшерде тиісті жергілікті бюджеттерге төлеуге міндетті. Өткен жылы облыс бойынша жер заңнамасына сәйкес, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы, жалпы алаңы 13 721,4 гектарды құрайтын 126 жер учаскесі анықталған. Оның ішінде Шу ауданы бойынша 42, Байзақ ауданы бойынша 36, Қордай ауданы бойынша 11, Меркі ауданы бойынша 11 учаске бар. Аталған бұзушылықтар бойынша 2 миллион теңгеге жуық сомада қосымша салықтық есептіліктер тапсырылған, – дейді Роза Әбдірқызы.
Брифинг барысында басқарма басшысы бұдан өзге де атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Ш.БИДІЛДАҰЛЫ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.