Қаржыгерлер – құрмет құшағында | arainews.kz

Қаржыгерлер – құрмет құшағында

178

Тәуелсіз мемлекетіміздің азаттық алғаннан кейінгі негізгі жетістіктерінің бірі – ұлттық валютамыздың айналымға енуі. Бізді сырт ел өз болмысымызды бейнелейтін ұлттық нақыштар көрініс тапқан төл теңгеміз арқылы да таниды. Бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан осы төл теңгеміздің айналымға енгеніне 25 жыл толып отыр.

Осыған орай, Тараз қаласындағы «Достық үйінде» 15 қараша – Ұлттық валюта күні және Қазақстан Республикасы қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалы және облысымыздағы екінші деңгейлі банк филиалдарының бірлесіп ұйымдастыруымен төл теңгеміздің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– 1993 жылы Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен айналымға енген ұлттық валютамыз егемендігіміздің символына айналып қана қоймай, тәуелсіздігімізге деген сенімімізді нығайтты. Талай сын мен ауыртпашылықты бастан өткеріп, болашақты жасауда айрықша рөлі бар төл теңгемізге биыл-25 жыл. Сауатты және тиімді ақша және несие саясаты қаржы секторына да оңтайлы әсер етіп келеді. Бүгінде облысымыздың да несие нарығында жандануы байқалады. Жыл басынан бері облыстағы екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы көлемі 133 миллиард теңгеден астам қаржы несиеге берілді. Несиенің негізгі бөлігі, яғни 99,9 пайызы ұлттық валюта түрінде берілген. Депозит нарығында да өсім бар.
Құрметті қаржыгерлер, сіздердің күнделікті банк жүйесінің механизмдерін жетілдіріп, бюджеттің орындалуын қамтамасыз етуде атқарған еңбектеріңіз елеулі. Әсіресе, мемлекетке тиесілі қаражатты дер кезінде жинақтап, тиімді пайдалану, өңір экономикасының дамуына атсалысу – үлкен жауапкершілік. Осы талап үдесінен шыға білген өңір қаржыгерлерін облыс басшысы атынан кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Қаржы мекемелерінің басшылары мен осы салаға еңбегі сіңген қызметкерлер, ұлттық валютаның енгізілуіне және қалыптасуына өз үлесін қосқан банк жүйесінің ардагерлері шақырылған салтанатты жиында төл теңгеміздің тарихына Жамбыл өңірінің де тікелей қатысы бар екені, 1993 жылы Англияда дайындалып, елге жеткізілген ұлттық валютамыз Қазақстанның түкпір-түкпіріне осы Тараздан жол тартқаны сөз болды. Мерекелік лебіздер де айтылды.
Шара барысында Бекболат Орынбеков қаржы жүйесінің бірқатар ардагерлері мен қызметкерлерін Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.