Жастық – өмірдің жазы емес пе?! | arainews.kz

Жастық – өмірдің жазы емес пе?!

903

17 қараша – Халықаралық студенттер күні. Бұл албырт жүрек, асау армандар мен сұлу сезімнің, қайратты мінез, жалынды жігер мен жастық шақтың мерекесі. Әрбір адамзат баласы үшін үлкен өмірдің іргетасын өз қолымен қалайтын сиқырлы һәм самала сәт. Саналы ғұмырдың санаулы ғана төрт жылын ешкім, ешқашан ұмытпайтыны анық. Ал, бүгінгі студент, сол шытырманға толы шақта шыдамдылыққа шыңдалатын білім әскерінің сарбазы, арман-мақсаттардың артиллериясы, жоба-жоспарлардың жауынгері, игі идеялар мен ізгі істердің, өмір энергиясының қайнар бұлағы. Ілияс Жансүгіровше айтсақ, «Жас мұраты, білім, тәлім — талабы… Өнер, оқу — жастықтың қару-жарағы».

«Бір жылдың ішінде бір-ақ жаз болады. Ағаш, шөптер, гүлдер, жапырақтар, бір-ақ рет жасарады. Осы секілді адам басына жастық екі келмейді. Жастық біздің өміріміздің жазы. Жаздан кейін күз, қыс келеді. Сол сияқты жастықтан соң кәрілік жетеді. Шаруасына жинақы кісілер жаздың күні қыстың азық-түлігін даярлап қояды. Адам да жасында өнер-білім, жақсы мінездерді бойына жинауға тиіс. Мұнсыз ол қартайған шағында рахат тіршілік ете алмайды» дейді қазақтың аса көрнекті ағартушысы һәм ақыны, жазушысы Міржақып Дулатұлы.
Расында да, жалынды жастық шақ алтын уақытқа бай өрімтал ұрпақтың өзекті сәті. Бойға ананың ақ сүтімен, әкенің тәрбие-тағылымымен дарыған дарынды, қайрат-жігерді, меруерт мінезді рухани құндылықтармен толықтырып, дамылсыз дамытатын сәтте барлығы өзіңе ғана байланысты.

Әрине, студенттік өмірдің өзіндік қызығы да мол. Өмірдің кең аудиториясына ат басын бұрған әрбір студент өзінің ғана емес, ата-анасының үмітін, Отанның, Мәңгілік елінің сенімін абыроймен ақтауға жауапты. Олар болашақтың құрылысшылары, дәулетті келешектің сәулетшілері. Ал, сол беделі биік, абыройы асқақ келешектің студенттік шақта іргетасы мен баспалдағы қаланарын ұмытпаған абзал. Қала мен ауыл баласының да тағдыры тоғысып, туыстай болып кетер тұсы да осы студенттік кезең. Себебі, олардың қызығы да, шыжығы да, мақсаты да, мүддесі де, қуанышы да, сағынышы да ортақ. Алғаш рет өз отбасынан бөлек, топтың намысы үшін ұжымдасып әрекет етуге де осынау тәтті күндерде бейімделері белгілі. Студенттік кездегі өмірге деген көзқарас, қызығушылық, жетістікке құштарлық, амбиция, максимализм дегеннің барлығын бір ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар, сірә. Жатақханадағы жастық жыры өз алдына бір төбе. Төрт жыл төзіммен диета ұстап жүрсе де көңілі тоқ, білімге тәбеті де, талабы да таудай. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, ауқымды іс-шаралардың басы-қасында жүру де студенттік өмір картинасының бояуы қанық бөлігі. Осыдан болса керек, «студент» сөзінің латын тіліндегі түп мағынасы бір нәрсеге ұмтылушы, қызығушы деген мағынаны білдіреді екен. Абай хакім айтпақшы, студенттік өмір «ішсем-жесем» деген баланың емес, «көрсем-білсем» деген жастар үшін нағыз білімнің науқаны. Ал, озық отыздыққа ұмтылған мемлекетіміз әрдайым білімге талпынған, білуге асыққан мұндай жастарға жыл өткен сайын барынша жағдай жасап, қолдау көрсетіп келеді. Өйткені, бүгінгі студенттер – ертең-ақ қоғамның әр саласына қозғау салатын іскер мамандар, яғни ел болашағы.
«Жасында тырысқан – қартайғанда қуанады» деп осыдан мың жыл бұрын ғибратты ғұмыр кешкен Махмұд Қашқари бабамыз айтқандай, студенттік шақта жиған-терген білім мен тәжірибе ертең тіршілік тізгінін қолға алғанда мәңгілік жаназық болары ақиқат. «Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ» деген әйгілі жырдың авторы Назым Хикметтің өзі бұл әсерлі сәтті «Жастық – арман. Бұл – сенім. Бұл – ерлікке құштарлық. Бұл әрі лирика, әрі романтика. Бұл – болашақ жөніндегі үлкен-үлкен жоспарлар. Бұл – болашақ атаулының бастауы» деп әсем әспеттейді. Ал, ақын Мұхтар Шаханов:
…Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!
Өздеріңдей ер намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!-деп жырлағанындай, кешегі қар жастанып, мұз төсеніп ел қорғаған бабалардың аманатын ардақтап, азаттық жолында аһ ұрып, жалынды жас жандарын пида еткен желтоқсан жауқазындарын Ұлы Даланың жаужүрек перзенттері, намысшыл қаһармандар деп танығанымызбен, былайғы өмірде олар да білім қуған студенттер еді. Сондағы бүкіл елдің тағдыры шешілер тұста бас көтерген, ұлтының намысын қорғай білген де солар болды.
Бүгінгі қазақ жастары да, соның ішінде Қайрат Рысқұлбеков секілді қаһарман ұлдың кіндік қаны тамған Жамбыл өңірінің жастары да бүгінде сол жауапкершілікті өзекжарды өнерімен, білім, біліктілігімен сезініп һәм замандастарына сездіріп жүр десек артық айтқандық емес. Бұл күнде Қазақ хандығының қазығы қағылып, тұңғыш рет туы тігілген Әулиеата жерінде 240 мың жас болса, солардың 48 мың 500-ге жуығы студенттер. Олардың 21 мың 580-нен астамы жоғары оқу орындарында, ал 26 мың 890-нан астамы колледждерде «инемен құдық қазып» жүр.
Қазіргі таңда экономикасымен де, өркение­тімен де әлемді мойындатқан ағылшындардың атақты жазушы-драматургі Бернард Шоу өзінің бір естелігінде «Жастық шақ – әсем зат, оны жастардың оңды-солды шашуы қылмыс» деген екен. Әрине, ойланарлық тұжырым. Қазіргі таңда жаһандану мен жаңғыру заманасы білім теңізінде жастық шақтың желкенін жайып жүрген студенттер қауымы үшін үлкен мүмкіндіктерімен қатар орасан зор жауапкершілікті талап етіп отыр. Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің қазан айындағы кезекті Жолдауында келер 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл жастар үшін жаппай жұмылып, бір ауыздан ел үмітін ақтауға білек сыбана кірісетін кез жетті деген сөз. Сондықтан жанартаудай жалынды студенттерді көптен күткен мерекесімен құттықтап, оларға тау қопарар талап, теңізден терең тағылым мен ақыл-парасат, жеңіс пен жетістік тілейміз. Ойымызды, Ғабит Мүсіреповтің сөзімен қорытындыласақ: «Жастықтың бойынан парықсыз паңдық емес, өз өнерінің күшіне сенер мығымдық тапқан қандай жақсы».

Нұржан Қадірәлі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.