Әулиеата жауһарлары әлем назарында | arainews.kz

Әулиеата жауһарлары әлем назарында

283

Тархан тарихтың, тарпаң уақыттың уысындағы ежелгі шаһардың ерекше жәдігерлері бұған дейін де төрткүл дүние туристерінің таңданысын туғызып, қызығушылығын жыл өткен сайын еселей түсуде. Ғасырлар куәсіне айналған ғажайып жәдігерлер жайлы Тараз топырағына табаны тұңғыш рет тиген туристер үшін ақпараттық қолжетімділікті арттыру мақсатында таяуда QR код жүйесі іске қосылса, күні кеше ғана тағы бір жағымды жаңалықпен қуантып отыр. Аймақтың рухани брендіне айналған Айша бибі кесенесі мен құрылысы қайталанбас, құпиясы құнды Ақыртас сарай кешені туристік тартымдылық және туризмді тұрақты дамыту мәселелері жөніндегі Халықаралық комитеттің дүниежүзілік маңызды мәртебесіне ие болды.

Естеріңізде болса, ағымдағы жылдың шілде айында елордамыз Астана қаласындағы Бәйтерек монументі, қыркүйекте Түркістан шаһарының символы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне кірген болатын. Енді бұл тізімге Ұлы Даладағы қыз баласының, сұлулық пен іңкәрліктің, махаббат пен адалдықтың құрметіне қойылған мәңгілік дара ескерткіш – Айша бибі кесенесі мен тарихы тылсымға толы Ақыртас сарай кешені еніп отыр. Тарқатып айтсақ, ағымдағы жылдың 9 қарашасында Түркияның Анталия қаласында туристік тартымдылық және туризмді тұрақты дамыту мәселелері жөніндегі Халықаралық комитетінің сессиясында Жамбыл облысының туристік әлеуеті мен нысандарын таныстыру рәсімі өткен. Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасының мамандары әлемдік сарапшылар қоғамдастығының алдында өңірдің туристік мүмкіндіктерін жан-жақты көрсетіп, аңыз бен ақиқатқа толы аймақтың жоғары туристік әлеуетін, бірегей табиғи және рекреациялық ресурстар, ұлттық және әлемдік мәдени һәм тарихи мұра нысандарын таныстырды.

– Облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен біз 5 ай бойы өңірдегі барлық туристік нысандар жайлы тарихи деректер мен жәдігерлердің сипаттамаларын, таныстырылымы мен бейне материалдарын әзірлеп, жинақтап, зерделеп, комиссия назарына ұсындық. Бұл бағытта қала қонақтарының, алыстан келген туристердің, жергілікті тұрғындардың да пікірімен санастық. Нәтижесінде біздің еңбегіміз зая кетпей, Жамбыл облысында орналасқан республикалық маңызы бар екі тарихи нысан – XII ғасырда салынған сәулет ескерткіші Айша бибі кесенесі және әлем бойынша аналогы жоқ Ақыртас сарай кешені туристік тартымдылық және туризмді тұрақты дамыту мәселелері жөніндегі Халықаралық комитеттің дүниежүзілік маңызды мәртебесіне ие болды. Бұл нысандарды комитеттегі барлық, атап айтқанда 80 мемлекеттің халықаралық сарапшылары бірауыздан қолдады, – дейді облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.
Осылайша сала мамандарының қажырлы жұмысының арқасында Ұлы Дала жауһарлары жаһанға танылып, күллі кеңістіктегі көпшіліктің көз қуанышына айналмақ.

Нұржан Қадірәлі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.