ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа есім» жобасы неліктен биыл қайтадан өткізілетінін айтып берді.
Дәурен Абаев биылғы жоба туралы ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен өтіп жатқан Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұлттық комиссияның кезекті отырысында айтты.
«Бүгінге дейін моноқалалар мен аудан орталықтарының бәрін қосқанда еліміздің барлық өңірлерінде жоба жеңімпаздарының қатысуымен 300-ге жуық шара өткізілді. Олардың кейбірі жүйелі сипатқа ие болып, коммуникация үшін тиімді алаң ретінде өзін таныта білді. Жоғарыда аталған жобалар мен бастамалардың табысты жүзеге асырылуы Мемлекет басшысының бағдарламасындағы идеяның негізін қоғамда таныта түсуге мүмкіндік берді. Осы жылы ақпараттық кеңістікке жүргізілген мониторинг мен халықтың мыңдаған ұсынысы жобаны ары қарай жалғастыру туралы әлеуметтік сұраныстың барын көрсетіп берді. Бұл ретте еліміздің азаматтық секторы ерекше ұстанымын танытқанын атап өту керек. Осыған байланысты министрлік ҚХА-мен бірлесе отырып, «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңін жүзеге асырып жатыр», — дейді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, бұл жолғы жобаның басты ерекшелігі — іздеуде және іріктеуде үкіметтік емес сектордан үміткерлерді табу секілді институционалдық әдіс қолданып отыр.
«Сонымен қатар, әлбетте, өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі де бар. Осы жылдың 3 қыркүйегі мен 25 қазаны аралығында 2 388 өтінім келіп түсті. Аймақтық үлес бойынша еліміздің барлық өңірлері атсалысып жатыр. Әсіресе, ерекше белсенділікті Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан байқауға болады», — дейді Дәурен Абаев.
Министр атап өткендей, жобаға жастардың да қызығып отырғаны қуантады. Дәурен Абаевтың айтуынша, қазірдің өзінде бұл санатта қоғамның назарына іліккен жандар баршылық.
«Мәселен, Индира Әділбаева деген бойжеткен баскетбол бойынша ерекше қажеттілігі бар балаларға жаттықтырушы болып жүр. Сондай-ақ, Ларион Ян клинингті компанияны жасақтап, қазір қол астындағы 5 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Ердос Төлегенов деген тағы бір жігіт «Ойла» атты балалардың ғылыми журналын шығарды. Ол журнал қазіргі таңда Германия мен Лихтенштейн мен Люксембургте, Нидерланды мен Швейцарияда, в Аустралия мен Жаңа Зеландияда, сондай-ақ Оңтүстік Кореяда шығарылып жатыр. Ол қазірі таңда франшизаны сатып жіберген. 20 мың данамен шығатын бұл журнал өте қызықты. Сол секілді Айдос Есмағамбетов — силиконнан мүсін жасайтын ерекше мүсінші. Оны тіпті мадам Тюссо мұражайы шақырыпты. Дойбыдан әлемнің он бір дүркін чемпионы Марат Жикеев деген мықты адам бар. Міне, жобаны жалғастыруға тұрарлық айналамызда қаншама кісілердің барын біліп отырмыз», — дейді министр.
Дәурен Абаев атап өткендей, ұйымдастырушылар нақты 100 адамды емес, сапаға маңыз беру үшін мықты деген 20 адамды іріктеуді көздеп отыр.
«Үміткерлерге баға беру үшін арнайы Сарапшылық кеңесі құрылады. Жобаға қатысушылар ең соңында онлайн дауыс беру арқылы іріктеледі. Ол дауыс беру 1-15 қараша аралығында өтеді. Ал 1-5 желтоқсан аралығында «100 жаңа есімге» енген адамдарды көпшілікке таныстыратын боламыз», — дейді Дәурен Абаев.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңі басталғанын хабараған болатынбыз.