Жамбыл облысында пойыз апатынан зардап шеккен азамат: Осындай күйге түсіргендер отбасымды асырауға жәрдем берсін | arainews.kz

Жамбыл облысында пойыз апатынан зардап шеккен азамат: Осындай күйге түсіргендер отбасымды асырауға жәрдем берсін

199

Пойыз апатынан зардап шеккен азамат белшеден қарызға батып кеткен. Ауыр жарақат алғандықтан жұмысқа жарамсыз болып қалған Әліби Байжанов өзін осындай күйге түсіргендер отбасын асырауға жәрдем берсін деп отыр.

Жұбайымен бірге Алматыға бет алған ол жол ортасында аударылған сегіз вагонның бірінде отырған еді. Апат 4 ай бұрын болғанымен, тергеу жұмыстары әлі аяқталмаған екен.

Биыл маусымда түсірілген кадрлар бұл. Алматыға бет алған пойыздың 8 бірдей вагоны жолдан шығып, аударылған. Салдарынан 12 жастағы бір бала көз жұмды. 22 адам жараланды. Олардың арасында Әліби Байжанов та бар. Сол күні екі аяғын сындырып алыпты. Бірнеше күрделі ота жасалды. Қазір балдақпен әупірімдеп жүр. Өзінің кішігірім сантехникалық қызмет көрсететін тобы болған екен. Жұмысқа жарамсыз болып қалғандықтан, үйге келер кіріс те тоқтапты.

«Гипсты алып, балдақпен жүріп жүрмін. Өз аяғыммен тұруға болмайды. Екі ай жүресің деді. Салмақ түсіруге болмайды. Барлығын қадағалап отырады. Тағы бір дәрілер жазып берді енді. Үйде шыдап та отыра алмаймын мен. Өзім жұмыс істеп қалған адаммын. Шамалы қиындау болады. Амал жоқ, не істеймін. Жүре алмаймын пока», – дейді Астана қаласының тұрғыны Әліби Байжанов.

Әліби жұбайы екеуі 4 бала асырап отыр. Отанасы Айгүл кенже балаға бас-көз болып үйде отырған. Енді жолдасына да күтім жасап жүр. Апаттан кейін сақтандыру компаниясынан бір реттік төлем жасалған. Темір жол компаниясы да 1 млн теңге жәрдем беріпті.
«Бұл 1 млн теңге жалғыз асырау үшін жетпейді. Мен өзім жұмыс істемеймін. Көріп отырғаныңыздай менің жолдасымның өзіне бір адам керек. Күн болса суып барады. От жағу керек дегендей үйге. Оның бәріне 1 млн теңге не болады. Ары кетсе 3 айға жетер. Көріп отырғаныңыздай азық-түліктің бәрі қымбат Астанада», – дейді Әліби Байжановтың жұбайы Айгүл Кәрімова.

Ерлі-зайыптылар амалдары таусылған соң тамыр-таныстар мен туған-туыстан қарыз сұрап күн көріп жүр қазір. Өздерінің есептеуінше берешегі 1 млн теңгеден асып кеткен. Жұрттан көмек сұрағылар келмейді. Тек Әлібидің осы күйге түсуіне кінәлілерден сауыққанша, өтемақы беруін талап етуде. Айгүл Кәрімова біраз жерге хат жазып көрген. Бірақ тұщымды жауап ала алмапты. Кінәлі кім және тағы қандай өтемақы берілуі мүмкін екенін сұрап біз де хабарластық. Тергеу әлі бітпепті. Іске нүкте қойылғанша тіс жармаймыз деп жауап қатты Бас көлік прокуратурасы.

«Көліктегі ішкі істер департаменті «Астана-Алматы» жолаушылар поезының вагондары теміржол рельсінен шығып, жол апатына ұшырау фактісі ҚР ҚК 344-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілерімен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу үстінде екенін хабарлайды. ҚР Қылмыстық процестік кодексі 201-бабының талаптарына сәйкес, Сіз сұрастырып отырған ақпараттар, тергеу мүддесі аясында, қазіргі кезде жария етуге жатпайды»”, – дейді Бас көлік прокуратурасында.

4 айға созылған тергеудің қашан аяқталары әлі белгісіз. Айта кетейік, алғашқыда жолаушылар пойызы өзге жүк пойызымен соқтығысып қалуы мүмкін екендігі айтылған. Бірақ тергеушілер ол пайымды бірден жоққа шығарды. Яғни, темір жолдың жағдайын тексергендер немесе пойыз вагондарының жағдайына жауаптылар жазалануы мүмкін. Бұл тек тұспал ғана.

stan.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.