Студенттерге заң талаптары түсіндірілді | arainews.kz

Студенттерге заң талаптары түсіндірілді

265

Тараз мемлекеттіік педагогикалық университетінде биыл шет елден келген студенттер қатары артқан. Өткен жылы 45  шетелдік жас азаматтар білім алуды бастаса, биыл аталмыш оқу орнына 770 студент келіпті. Олардың көбі Түрікменстан азаматтары екен. Сырттан келген ізденушілерге еліміздің заң талаптарын түсіндіру мақсатында университетке заңсыз көші-қонға қарсы ротадан мамандар келіп, кездесу өткізді.

Студенттер арасында оқудан тыс уақытта жеңіл-желпі жұмыс істеп, табыс табу жиі кездеседі. Алайда, бұл шет ел азаматтары үшін мүмкін емес. Себебі, олар біздің елге тек білім алу мақсатымен келген.

Заңсыз көші-қонға қарсы арнайы жеке ротасының екінші взводының аға инспекторы, полиция капитаны Айдос Дәнеғұловтың айтуынша, бүгінге дейін дәмханаларда даяшы немесе көлік жуушы болып жұмыс істеп жүрген шетелдік азаматтар анықталған. Олардың дені — студенттер.

Заңсыз жұмыс істеп жүрген шет ел азаматтарын анықтап, хаттама толтырып, сол студенттер үшін оқу орындарына айыппұл саламыз. Себебі, олар үшін білім алып жүрген оқу орыны жауапты. Шетелдік студенттерге рұқсатнама тек білім алу үшін берілген. Сол себепті, олар оқитын мекеме сенімді өкілі болып саналады. Ал, берілген рұқсатнама уақыты аяқталуға 1 ай қалғанда ауыстырылуы керек. Егер ол біздің елде одан кейін де жүретін болса, рұқсатнама уақыты созылады. Міне, осындай талаптарды біз студенттерге түсіндірдік, — дейді Айдос Тегісұлы.

Кездесу барысында студенттер көкейлеріндегі сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын тыңдады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.