Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық полиция басқармасының тәртіп сақшылары Алматы облысы тұрғынының үстінен соталды тергеу жүргізіп жатыр. 21 жастағы күдікті Instagram және Контакте әлеуметтік желілері арқылы қолданушылардың сеніміне кіріп, алдап соққан.
Әзірге полицейлер 60 фактіні анықтаған. Яғни, күдікті өзінің пиғылын «betgames», «bumazhki2017 аккаунттары арқылы жүзеге асырып отырған. Ол желі қолданушыларына спорттық ойындарға ақша тігу арқылы, олардың қаражаттарын бірнеше есеге көбейтіп беруді уәде еткен. Алматы облысының тұрғыны өзіне сенген адамдарға 5 мың — 100 мың теңге аралығындағы ақшаны Qiwi шотына аудартқызған. Күдікті ақшаны бір тәуліктің ішінде бірнеше есе етіп қайтарып беремін деп уәде беріп, бірақ кері қайтармаған.
Қазір осы фактіге байланысты ҚР ҚК «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Қазір полицейлер осындай жағдайға тап болып, зардап шеккендер бар болса, Сарыарка ауданындағы Ақбұғы 4 көшесіндегі полиция бөліміне немесе 8 701 121 41 78, 8 (7212) 71-66-13 және 102 номерлеріне дереу хабарласуды сұрайды.