Француз кәсіпорындары Қазақстанды цифрландыруға көмектеседі | arainews.kz

Француз кәсіпорындары Қазақстанды цифрландыруға көмектеседі

189

Цифрландыру жобалары бойынша француз кәсіпорындары Қазақстанда жұмыс істеуге дайын. Бұл туралы Францияның Қазақстандағы Елшісі Филипп Мартинэ «Цифрлық экономика» форумында айтты.

Франция елшілігі ұйымдастырған бұл жиынға француз кәсіпорындары мен сарапшылар, қазақстандық мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйым өкілдері жиналды.

«Бұл форум — Астанадағы «Цифрлық күздің» маңызды шарасы. Қазақстан амбициялық цифрлық стратегиясын жүзеге асырып жатқанда, Франция екі елдің цифрлық экожүйесі арасында келісім орнатуға көмектескісі келеді. Бүгінгі форум ең соңғы инновацияларды назарға ала отырып, басқару, индустрияландыру, білім беру, денсаулық сақтау және қаржы тақырыптарын талқылауға мүмкіндік береді», — деді елші Астанадағы ЭКСПО аумағында ұйымдастырылған форумда.

Елшінің айтуынша, Францияның бірнеше кәсіпорны Астана Хаб аумағында кеңсе ашуды жоспарлап отыр.

«Әсіресе, «Ақылды қала» жобалары бойынша француз кәсіпорындары Қазақстанда жұмыс істеуге дайын.  Одан бөлек, 2022 жылға дейін барлық әкімшілік ұсыныс-шағымдарды 100 пайыз цифрландыру көзделіп отыр. Яғни, Франция мен Қазақстанның мақсат-мүдделері бір. Сондықтан цифрлық технология тақырыбының түрлі мәселелері талқыланатын бүгінгі форум өте маңызды», — дейді Ф. Мартинэ.

Өз кезегінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Францияның жаңа технологиялар бойынша Еуропадағы көшбасшы ел екенін жеткізді.

«Қазақстан мен Франция 26 жыл ішінде тығыз және стратегиялық өзара қарым-қатынас орната алды. Жақында ғана екі елдің мемлекет басшылары Н.Назарбаев пен Э.Макронның кездесуі өтті. Бұл да екіжақты қарым-қатынастың дамуына ерекше серпін береді. Әсіресе, жаңа технологиялар, IT-жобалар саласында екі елдің экономикалық қарым-қатынасын дамытуға болады. Себебі, Франция — жаңа технологиялар бойынша Еуропадағы көшбасшы ел», — деді ол.

Министр бұл салада Франциямен ынтымақтастық орнатудың Қазақстан үшін тиімді екенін атап өтті.

«Өткен жылдың соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауқымды «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына қол қойды. Бұл бағдарлама біздің инновациялық және IT-жобаларымызды насихаттаудың іргетасы болмақ. Біздің министрлік ең алдымен инфрақұрылым үшін жауап береді, сондықтан сіздермен бірлесе жұмыс істеуге әзірміз», — деді Дәурен Абаев.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.