Қош бол, бірінші «дивизион», қарсы ал, Премьер-лига! | arainews.kz

Қош бол, бірінші «дивизион», қарсы ал, Премьер-лига!

316

Тойла, Тараз! Жаса, Жамбыл футболы! Былтырғы маусымда төменгі лигаға түсіп қалған «Тараз» қайта премьер-лигаға оралды. Араға жыл салып жерлестеріміз жоғары лига жолдамасын жеңіп алып отыр. Өткен жексенбіде «Ақтөбе-Жас» командасын өз алаңында қабылдаған «Тараз» қарсыластар қақпасына жауапсыз төрт гол соғып, төбемізді көкке жеткізді. Турнирлік тұрғыдан өте маңызды кездесуді облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі тамашалап, футболшыларға қолдау білдірді.

Жексенбілік ойынды жамбылдық жанкүйер­лер асыға күткені анық. Себебі, «Тараз» бұл кезде­суде жеңіске жетсе, маусым аяқталмай жатып Премьер-лига жолдамасына қол жеткізетін еді. Бұл матч басталмай жатып 10 минут бұрын белгілі болып та қойды. Өйткені, Шымкентте «Оқжетпесті» қабылдаған «Қыран» қарсыласынан айласын асыра алмай, тең түскен-ді. Осыдан кейін барлығы «Таразға» байланысты болды. Егер жеңсе Премьер-лигада доп тебеміз, ал жеңілсе қалған екі ойынның нәтижесін күтуге тура келеді. Бұл футболшылар мен жанкүйерлердің жүйкесіне қосымша жүк. Осыны жерлестеріміз сезінді ме, ысқырық үні естілген бойда шабуылға лап қойды. Жайшылықта қарсыласының адымын аңдып, одан кейін ғана ашық шабуылға көшетін футболшыларымыз бұл жолы «Ақтөбе-Жасқа» аш бөрідей атылды. Кездесудің басталғанына небәрі екі минут өткенде «тараздық» сұрмерген Константин Дудченко қақпаға допты баспен бағыттады. Алайда, доп бағанға тиіп, кері серпілді. Осы сәтте стадионға жиналған жанкүйерлердің барлығы «аһ» ұрғандай болды. Араға бірнеше минут салып Константинге гол соғатын тағы бір тамаша мүмкіндік келді. Бірақ, жүйкесі сыр берді ме, шабуылшымыз қақпашымен бетпе-бет шығып, гол соға алмай қалды. Бұдан кейін Дінмұхамед Қараман да қарсыластар қақпашысын төзімділікке бірнеше мәрте тексеріп көрді. Осылайша шабуылдарын үсті-үстіне үдетіп, сәт сайын қақпаны нысанаға алған жерлестеріміз бірінші таймның бел ортасына таяған тұста өз дегендеріне жетті. Бұрыштамадан көтерілген допты Дудченко торда тулатып, есеп ашты.
Жанкүйерлердің қиқуынан құлақ тұнып, бір-бірін құшақтап құттықтап жатқан көпшіліктің қуанышында шек болмады.
Иә, шынында бұл гол біз үшін ауадай қажет болатын. «Тараз» бірінші таймда сол үмітті ақтады.
Екінші тайм басталғанда алақанды ысқылай түсіп, тағы гол күттік. Оған қоса, «Ақтөбе-Жас» ойыншыларының шаршап қалғандары бірден байқалды. Осы сәтті пайдаланған «тараздықтар» қарсыластардың айып алаңына еркін еніп, қақпашыны әбден қыспаққа алды. Осындай сәттердің бірінде Мақсат Әмірханов алыстан допты шиыра теуіп, екінші голды өз еншісіне жазды. 67-минутта соғылған бұл гол «Таразды» Премьер-лигаға бір табан жақындата түскен еді.
Екінші голдан кейін жерлестеріміз өздеріне үйреншікті әдетке салып, тайлы-тұяғымен қорғанысқа көшеді деп ойлағанбыз. Алайда, футболшыларымызды бұл гол желпіндірді ме, «Тараз» толық құраммен қарсыластар айып алаңын басып алды. Тіпті, «Ақтөбе-Жас» тарапынан бізге қарай бір сауатты шабуыл да жасалмады. Матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Абзал Таубай үшінші голды соқса, қосымша уақытта Айдос Тәттібаев төртінші голдың авторы атанды.
Осылайша ақтөбелік команданы тас-талқан етіп ұтқан футболшыларымыз «Жоғарғы лига жолдамасын кім иеленеді?» деген сұрақтың нүктесін қойды. Бүкіл матчты бастан-аяқ тамашалап отырған аймақ басшысы Асқар Исабекұлы ойыннан кейін футболшыларды арнайы құттықтады. Облыс әкімі «Тараз» биыл артылған үмітті толықтай ақтағанын ерекше толғаныспен тілге тиек етіп, жоғарғы лигада да осы биіктен түспеуге тілектестік білдірді. Сондай-ақ, құттықтаушылардың қатарынан Қазақстан футбол федерациясының құрметті президенті Сейілда Байшақов пен «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаев та табылып, жерлестерінің қуанышымен бөлісті.
Иә, осылайша «Тараз» өз тұғырын қайта нықтады. Шындығы керек, маусым басында клуб басшылығына келген Қанат Мұсатаев «Таразды» қайта жоғарғы лигаға әкелемін дегенде сенбеген едік. Бірақ, кәсіби маман өз ісінің шын шебері екен. Сөзінде тұрды. Осы орайда, негізгі құрамды жасақтаған даңқты бапкер, футбол «фараоны» Ваит Талгаевтың да ерен еңбегін атап өткен жөн. Талгаев «Таразды» тек бес ойында ғана алаңға алып шықса да, ол командаға өз қолтаңбасын қалдырды. Ал, оның орнына бас бапкерлікке келген жерлесіміз Нүркен Мазбаев тіпті ел күтпеген ерлікті жасады. Маусым аралығында ойын өрнегін өзгертіп, тактикалық шешімдерімен ерекшеленген Мазбаев тек жеңіс үшін жаралған жаттықтырушы екенін көрсетті.
Әрине, қанағат қай кезде де қарын тойғызған. Алайда, маусымның аяқталуына әлі екі тур қалғанын ескерсек, «Тараздың» турнирде топ жаруына да керемет мүмкіндік туып тұр. Егер осы сенбіде жерлестеріміз «Оқжетпесті» жеңе алса, турнир кестесінде көш бастайды. Ал, соңғы ойында «Каспийдің» толқыны қанша соққанымен жоғарғы лигаға желкен тартқан «Тараздың» «қайығын» шайқай қоймас. Сондықтан, жігіттерімізге енді бір мәрте мінез таныту керек сияқты. Себебі, қай жерде де бірінші болу абырой ғана емес, алдағы жеңістерге жетелейтіні анық.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.