Астана қаласында 5 қыркүйек пен 5 желтоқсан аралығында «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.
Іс-шара мақсаты — учаскелік полиция инспекторлары, көші-қон, криминалдық және патруль полициясы және басқа да қызметтердің қатысуымен әрбір учаскелік аумақтарда құқық бұзушылықтардың алдын алу. Учаскелік полиция инспекторлары өз аумақтарында тұрып жатқан азаматтар туралы мәлімет алу үшін үй-жайларды аралап шықты. «Учаске» жедел алдын-алу іс-шарасы басталғалы инспекторлар 80 мыңнан астам пәтер мен 10 мыңнан астам жеке үйді аралаған. Жедел алдын-алу іс-шарасын жүргізу барысында полиция органдарында тіркеуде тұрған 4200-ден астам азамат тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Сондай-ақ, 10 мыңға жуық азаматтық қару иелеріне тексеріс жүргізілді.
«Науқан барысында тиісті құжатсыз жалға берілетін мыңнан астам пәтер тіркеліп, олар туралы ақпарат Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне жіберілді. Жалпы «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы басталғалы 13 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасының көші-қон заңын бұзған 1800-ден астам шетел азаматы анықталды», — делінген ПД таратқан хабарламада.