ОБЛЫСТА КӨМІР ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ | arainews.kz

ОБЛЫСТА КӨМІР ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ

236

Тек оны сатып алуға тұрғындар асығар емес.

Әрине, «кәрі құданың» қаһарына төтеп беру жан-жақты дайындықты қажет ететіні белгілі. Сондықтан да қысқа дайындық жұмыстары бір сәтке болсын саябырсыған емес. Әсіресе, тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз етуге және бағаны тұрақтандыруға айрықша басымдық беріліп отыр.

Жалпы, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы берген мәліметке сүйенсек, 2018-2019 жылдардың жылыту маусымында облысымызда көмірге деген қажеттілік 333,9 мың тоннаны құрайды екен. Қазіргі таңда қажетті қатты отынның 234 мыңы жеткізілген. Сонымен қатар, бюджеттік мекемелер қажетті 72,2 мың тонна көмірмен толықтай қамтамасыз етілген.

– Ағымдағы жылдың 10 қазанында Тараз қаласындағы 10 көмір сататын орындарды аралау барысында 12,46 мың тонна қатты отын бары анықталды. Фракцияларына байланысты Шұбаркөл мен Қаражыра 14,5-18 мың теңге және Екібастұз көмірі 12-13 мың теңге аралығында сатылуда. Сол секілді аудандарда да көмір қорлары жеткілікті. Көмірдің түрлеріне қарай 1 тоннасының сатылу бағасы 12-18 мың теңге көлемінде. Қазіргі таңда көмірге тұрғындар тарапынан сұраныс болмауына байланысты тапшылық байқалмайды. Және қыста да өңір тұрғындары қысылып қалмас үшін және бағаны ұстап тұру мақсатында аймақ басшысы Асқар Исабекұлының тапсырмасына сай жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Тараз қаласындағы көмір сату орындары мен  бағалары жайында нақты ақпараттар берілуде. Себебі, қыс қыр астында тұрғанымен тұрғындар әлі де көмір сатып алуға асығар емес. Аудандарда түсіндерме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде, – дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Бейсенбек Жампозов.

Қыс қаһарына мініп, аяз буғанда көмір бағасының күрт көтеріліп кетуі жыл сайын қайталанатын үйреншікті үрдіске айналды. Салдарынан қарапайым халықтың қалтасына салмақ түседі. Ал, биылғы маусымда мұндай мәселе орын алмас үшін қазірден бастап алдын алу шаралары қолға алынған. Мәселен, көмір бағасын тұрақтандыру мақсатында Тараз қаласында «Делдалсыз көмір сатып алу» жобасы қолға алынған. Сонымен қатар 10 мың тонна көмірді тікелей Шұбаркөлден сатып алу бойынша қазіргі таңда «Шубарколь Премиум» жауапкершілігі шектеулі серістегімен байланыс орнатылуда. Облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасына сай 10 мың тонна көмірдің жылыту маусымы айларында тасымалдау шығындары ғана ескеріле отырып, тұрғындарға тиімді бағада сатылатын болады.

– Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жіті қадағалауымен тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді бағада қатты отынмен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы ретте күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе бойынша «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы» ұлттық компаниясы да нақты жұмыстар атқарып жатыр. Қазіргі таңда еліміздегі өте үлкен сұранысқа ие Шұбаркөл көмірінің 10 мың тоннасын сатып алу мақсатында «Шубаркол Премиум» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен әзірге тек ауызша келісім-шарт жасалды. Егер серіктестік басшылары біздің талап-тілектерімізге келісер болса, жоспарлы жұмыстарымызды бастап кетеміз.  

Егер 10 мың тонна көмірді алатын болсақ, оның 5 мың тоннасын Сарысу, 3 тоннасын Жуалы және 2 тоннасын Талас ауданына жөнелту жоспарлануда. Қазіргі таңда аталмыш үш ауданда көмір сату орындарын ашу бойынша корпорация жұмыстар жүргізуде, – дейді «Тараз» ӘКК» АҚ» ҰК бөлім басшысы Елена Икрина.

Жалпы, басқа аймақтар емес, Талас, Сарысу, Жуалы аудандарының таңдалып алынуы бекер емес. Себебі, былтырғы жылы аталған үш ауданда көмір тапшылығы сезілген. Сондықтан да құзырлы мекемелер облыстағы ахуалды жан-жақты саралай келе, осындай шешім қабылдаған.

Ағымдағы жылы тұрмысы төмен отбасылардың жай-күйі де ұмыт қалмаған. Тараз қаласында арнайы акция өткізіліп, 317 тұрмысы төмен отбасыға төмен бағамен 500 тонна көмір таратылыпты. Алдағы уақытта да игілікті шара аудандарда да жалғасын таппақ.

Жауапты сала мамандары айтқандай, облыста көмір қоры жеткілікті. Бірақ, арнайы орындарда  қатты отын тау-тау болып үйіліп жатқанымен, кейбір тұрғындардың оны сатып алуға асықпай  отырғаны қынжылтады. Қыстың көзі қырауда қысылмас үшін қазірден қам-қарекет жасау қалтаға да ауыр соқпайтынын қалың көпшілік қаперден шығармаса игі.

Тараз қаласы тұрғындары үшін көмірді алыпсатарсыз сату нүктелерінің тізімі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.