Мақсат-айқын, міндет-зор | arainews.kz

Мақсат-айқын, міндет-зор

401

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауында орта білім беру жүйесі бойынша белгіленген негізгі тәсілдердің  Назарбаев Зияткерлік мектептерінің болашақтағы жұмыс бағытына тигізер әсері мол.

Мемлекет басшысының «Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады» деген тапсырмасы аясында алдағы уақытта аймақтардағы мектептерге тәжірибе тарату бойынша көптеген жұмыстар атқарылмақ. Сондай-ақ, ол жұмыстар бізге үлкен жауапкершіліктер жүктейді.

Жолдауда Президент балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Мектептің жалпы жұмыс бағыты 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге негізделуі шарт. Сонымен қатар бұл құжатта үлкен басымдық берілген тапсырмалардың бірі- «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылданатындығы. Бұл  болашақта білім сапасының артып, оның жаңа белестерге шығуына үлкен кепілдік болмақ.

Сала мамандарына бұған дейін де аз қамқорлық жасалған жоқ. Мысалы, бүгінде жаратылыстану бағытындағы 4 пәнді ағылшын тілінде оқыту іске асырылуда. Курсты толық аяқтаған және пәнді ағылшын тілінде жүргізіп жатқан мұғалімдерге 35 мың теңге көлемінде үстемақы  төленіп жатыр.  Осындай игілікті істердің жүзеге асуының айқын жолын көрсеткен кемеңгер басшымыздың келелі  әрекеті деп білемін. Бұл сөзімнің тағы бір айғағы – Мемлекет басшысы  Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі еңбекақы мөлшерін 1,5 есе, яғни 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырды. Сондай-ақ, 275 мың бюджеттік ұйым қызметкерлерінің еңбекақысы өсіп, олардың жалақысы орташа алғанда 35 пайызға көтерілетінін айтты. Білім беру саласында еңбек етіп жатқан барша қазақстандық ұстаздар   еңбек ақысын көтеру туралы шешімді  өте жылы қабылдады. Ендігі кезекте  Елбасының Жолдауын іске асыру жолында жұдырықтай жұмылып, үлкен жауапкершілік танытуымыз қажет.

Талғат Байназаров,

Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.