«Баспана» ұйымы салынатын 15 мың пәтер туралы түсіндірді | arainews.kz

«Баспана» ұйымы салынатын 15 мың пәтер туралы түсіндірді

209

Парламент Сенатының депутаттарымен өткен кездесуде «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков «7-20-25» бағдарламасы аясында салынатын 15 мың пәтер туралы айтып берді.

Атап айтқанда, барлық өңірлерде бастапқы тұрғын үй санын арттыру мақсатында 2018 жылдың 27 тамызында Ұлттық Банк басқармасы 7-20-25 бағдарламасына өзгерістер енгізді. Өзгерістер бағдарлама операторына құрылысты қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Оның сөзіне қарағанда, «Баспана» компаниясы «7-20-25» бағдарламасы тұрғысында тұрғын үйлер бойынша ұсыныстарды арттыру үшін жалпы сомасы 150 млрд теңгеге облигациялар сатып алу жолымен әкімдіктерге ресурстар бере алады.

«150 млрд теңге бөлініп, Астана, Алматы және Шымкентте 20 млрд теңгеге дейін лимит, ал басқа өңірлерге 6,4 млрд теңге лимит бекітілді. Бұл өз кезегінде «7-20-25» бағдарламасы үшін әрбір екі жылда шамамен 15 мың пәтер салуға мүмкіндік береді», — деп нақтылады Қайрат Алтынбеков.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Баспана» ипотекалық ұйымы несиелік тұрғын үй құрылысына 150 млрд теңге сомасында өз үлесін қосуға ниетті екенін айтты.

Аталған қомақты қаржы револьверлік негізде тұрақты түрде несиелік баспана құрылысы нарығында айналымда болады.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.