Маңғыстауда су тұшыту зауытының құрылысы басталады | arainews.kz

Маңғыстауда су тұшыту зауытының құрылысы басталады

154

Маңғыстау облысында су тұшыту зауытының құрылысы басталады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында министрлік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы 11 жергілікті мемлекеттік-жекешелік жобаның іске асырылуына мониторинг жасаған. Бүгінгі күні Атырау, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары және Алматы қаласында 6 жоба бойынша жеке инвесторлармен шарт рәсімделген.

«Сонымен бірге, біз құны 50 млрд теңге болатын Маңғыстау облысындағы су тұшыту зауытын салу жөніндегі концессиялық жобасын ең перспективалы жоба деп санаймыз. Бүгінгі күні әкімдікпен екі кезеңдік конкурстың нәтижесінде  жеке әріптес анықталды. Бұл жобаны іске асыру өңірдегі ауыз судың тапшылығын 71,4 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», — деді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің сөзіне қарағанда, энергия үнемдеу саласында «Транспорт Тауэр» әкімшілік-технологиялық кешені ғимаратының жарықтандыру жүйесін жаңғырту және пайдалану» жобасы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылады.

«Шарт 2018 жылдың мамыр айында отандық жарық диодты техника өндірушісімен жасалды. Осы айдың соңына дейін жоба бойынша барлық жұмыстар аяқталады. Сонымен қатар, энергия үнемдеу саласында өңірлермен бірлесіп жалпы сомасы 9,7 млрд теңгеге болатын 3 жобаны іске асырылуда. Павлодар облысында құны 4,6 млрд теңге  болатын Павлодар және Екібастұз қалаларының сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңғырту және пайдалану» жобасы бар. Жобалар бойынша шарттар 7-8 жыл мерзімге жасалды. Оның аясында жарықтандыру көздерін тиімді энергия түрлеріне ауыстыру, көшенің жарықтандыру желілерін жаңғырту, басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу көзделген», — деді ол.

Министр «Атырау қаласында көше жарық желілерінің құрылысы және пайдалану» жобасы жүзеге асырыла бастағанын айтты.

«Шарт  7 жылға «БатысТранзит» ЖШС-мен 5,1 млрд теңгеге  жасалды», — деді Жеңіс Қасымбек.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.