Жуалылық жастар «Zhas project» жобасы аясында өз кәсіптерін ашуда  | arainews.kz

Жуалылық жастар «Zhas project» жобасы аясында өз кәсіптерін ашуда 

249

Биылғы жылы облысымызда алғаш рет қоғамның әлжуаз топтарын жұмысқа тартып, жастар корпусын жан-жақты дамыту мақсатында «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасы қолға алынғалы белгілі. Аталған бағдарлама қолында дипломы жоқ, жұмыссыз жүрген жастарды және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, сондай-ақ тұл жетімдерді қолдауға бағытталған бірден-бір жоба ретінде ұсынылып отыр. Биылғы жылы аталған жобаға біздің ауданнан да 14 пен 29 жас аралығындағы бірқатар жастар қатысып, олар тиісті оқу курстары және шеберлік сыныптарынан өтіп, оның біразы ұсынған жобалары бойынша гранттарға ие болып та үлгерді. «Кәсіпкерлік – өмір өзегі» дейтін болсақ, жастар ұсынған жобалардың дені кәсіпкерліктің сан-саласын дамытуға бағытталған. Мұнда атакәсібіміз – мал өсіру, құс шаруашылығынан бастап, шаштараз, дыбыс жазу студиясына дейін бар.
Ауданда грант иеленген жастардың бірі — Б.Момышұлы ауылының 26 жастағы тұрғыны Ермек Таубалдиев. Ермек өз үйінің ауласынан доңғалақ жөндеу және желімдеу орнын ашқалы отыр. Қазіргі таңда ол доңғалақ монтаждау қондырғысын сатып алып, т.б. жұмыс істеуге қажетті құрал-саймандарын дайындап жатыр. – -Мен «Zhas project» бағдарламасына қатысып, 1000 000 теңге грантқа ие болдым. Қазір оның алғашқы траншы, яғни, көзделген грант сомасының жартысы шотыма түсіп үлгерді. Осы қаражатқа кәсіп ашуға қажетті құралдардың біразын алып қойдым. Алла сәтін салса, жақын күндері халыққа қызмет көрсете бастаймын,- дейді Ермек Таубалдиев. Еркін Жәнібек те аталған жоба бойынша грант иеленген санаулы кәсіпкер жастардың бірі. Ол дыбыс жазу студиясын ашуға ниет етіп отыр. Ол да студия ашу үшін өз үйінің бір бөлмесін арнайы жабдықтау жұмыстарын жүргізу үстінде. Дыбыс жазатын музыкалық аппараттарының біразы дайын. Қажетті аспаптар алуға екінші транш қаражаты күтілуде.
«Нан болса, ән болады» демекші, аудан орталығында тұратын Қайсар Жайықбаев есімді жас кәсіпкер жобаның негізінде тандыр нан пісіру жұмысын қолға алған екен. Ол Б.Сафинов көшесінің бойынан жеке кәсіпкердің үй ауласынан жерді жалға алып, оған 30 шаршы метрді құрайтын нан пісіретін орын салды. Қазір онда әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлбетте, тандыр нан пісіру үшін оған арнайы пеш керек. Ол осында қойылатын екі тандыр пешін Тараз қаласында шеберлерге жасатып, әкеліп орнатқан екен. – Менің жоба бойынша қолға алған ісім – нан пісіру. Жобаның басты мақсатында көрсетілгендей, алғашқы алты айда тұрмысы төмен 500 отбасын нанмен тегін қамтамасыз етеміз. Одан соң жұмыссыз жүрген жастарды осы кәсіпке, дәлірек айтқанда, нан пісіруге тегін үйретеміз. Шынында, мен сияқты тәжірибесі жоқ жастарға жеке кәсіп ашу – оңай шаруа емес. Осы ретте маған немере ағам Дидар Құралбайұлы көмекке келіп, ақыл-кеңестерін беріп отырады. Ал, жастар корпусын дамытуға бағытталған жобаға келер болсам, бұл – өте жақсы жоба. Жастардың бос жүрмей, белгілі бір кәсіпті игеріп, сонымен дендеп айналысуға мүмкіндіктері мол. Бұл жоба осыған үлкен мүмкіндіктер беріп отыр деуге болады. Қиындықтан қашпай, белді бекем буып жұмыс істеу керек,- дейді жігерлі жас Қайсар Жайықбаев.
«Адал еңбекпен мал іздемек, ол — арлы адамның ісі» деп дана Абай өсиет еткеніндей, Теріс ауылының тұрғыны Перизат Болатбекқызы да «Zhas project» жобасының жеңімпазы. Ол бүгінде өз ауылынан кондитер өнімдерін шығаратын арнайы орын ашқан. Облыс орталығында шеберлік сыныптарынан өтіп, кондитер өнімдерін шығарудың қыр-сырына әбден қаныққан Перизат тәттінің бірнеше түрін пісіріп, тұрғындарға таратуда. Жақында аталған шағын орынның салтанатты ашылуы болды. Ашылу салтанатына Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Мақсат Шөкенов, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары, жобаның менторы Мейіржан Телеушов қатысты. Ауыл қариясы Бердіқұл Дүйсебекұлы, ақ жаулықты ана Қалима Кеңесбекқызы шағын орынның лентасын қиып, жас кәсіпкердің жұмысына табыс тіледі. Кондитер өнімдерінің сан түрін шығаратын шағын орында торттан бастап, тәтті нандардың, оның ішінде құймақ, самсаның бірнеше түрі пісіріледі екен. Бүгінде мұнда үш жұмысшы еңбек етіп, тиісті еңбекақыларын алып отыр.

Нұржан МАНАСҰЛЫ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.