Елбасының сервистік секторды дамыту жөніндегі тапсырмасы қалай орындалып жатыр | arainews.kz

Елбасының сервистік секторды дамыту жөніндегі тапсырмасы қалай орындалып жатыр

157

ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауының жұмысымен де танысты.

Халық қалаулысы Алматыға Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауын түсіндіру мақсатымен келген.

Оның айтуынша, мұндай инновациялық орталық биылғы Жолдаудың жекелеген тұстарымен ұштасып жатыр.

«Қазір біз Үшінші жаңғыру жолындамыз. Сіздердің осындай инновациялық орталық ашып, фронт-офис, бэк-офистер арқылы халықпен тығыз байланыс орнатқандарыңыз Үшінші жаңғырудың бір бөлігіндегі міндеттермен ұштасып отыр», — деді Мәжіліс депутаты.

Жолдауда инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше көңіл бөлу, «болашақ экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын ілгерілетуді қамтамасыз ету қажеттігі айтылған болатын.

Зағипа Балиева осы шараларды іске асыруда Open Almaty-ның маңызы зор екенін айтты.

«Open Almaty да инновациялық және сервистік секторға жатады. Сіздер Жолдаудың барлық бағытында айтылған міндетті орындап жатқандарыңызды білгендеріңіз дұрыс. Сіздер  «болашақ экономикасын» жасауға қатысасыздар. Адамдардың уақытын үнемдеп, бетпе-бет түсіндірме жұмыстарын жүргізесіздер. Бұл орталыққа өте көп нәрсе байланысты», — деді ол.

Мәжіліс депутаты Зағипа Балиеваның пайымдауынша, қоғамдық қабылдау Жолдауда көрсетілген мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыруға, сонымен қатар жемқорлықты азайтуға септігін тигізеді.

«Бұл сіздерге тікелей қатысты. Мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқарттыңыздар. Қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді. Бірақ қазіргі талпыныстың өзі жаман емес. Ал жемқорлықпен күрес аясындағы шаралардың бірі — мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайту Open Almaty және «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жасайтын орталықтар арқылы іске асады. Халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізу тапсырылған полиция, бұл тұрғыда Open Almaty-дан үлгі ала алады», — деді халық қалаулысы.

Айта кету керек, ҚР Парламент депутаттары өңірлерді аралап ҚР Президентінің Жолдауын түсіндіру жұмыстарын бастап кетті.

17 қазанда  Сенат депутаттары Динар Нүкетаева, Төлеубек Мұқашев, Бақытжан Жұмағұлов Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің ұжымымен кездескен еді.

Кеше, яғни 18қазанда Сенат депутаттары қалалық ІІД ұжымымен кездесіп, ішкі істер органдарын реформалаудың негізгі бағыттарын айқындаған болатын.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.