Облыста 89 мың гектар егістік алқапты қалыпқа келтіру қажет | arainews.kz

Облыста 89 мың гектар егістік алқапты қалыпқа келтіру қажет

146

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен суармалы жер көлемін арттыру бойынша жиын өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігі ауылшаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашев баяндама жасады. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі ресми парақшасында жариялады, – деп хабарлайды «AraiNews» ақпарат агенттігі.

Қазіргі таңда өңірімізде барлығы 184 мың гектар суармалы жер бар. Оның 95 мың гектары қолданыста десек, 89 мың гектарын қалпына келтіру керек. Басқарма басшысы оларды қалпына келтіру жұмыстары қалай жоспарланып отырғанын да тілге тиек етті. Нақтырақ айтсақ, 70 мың гектар жер «Қазсушар» мекемесімен, 19 мың гектар жерді жақында құрылған механикалық жасақтың көмегімен қолданысқа енгізу көзделуде екен.

Сондай-ақ, 20 тоғанды пайдалануға беру арқылы 4 мың гектар, 24 қолданыстағы су қоймасының астындағы 90 км су жүйелерін қалпына келтіру арқылы қосымша 9 мың гектар егістік жерлері пайдалануға енгізілмек. Осылайша, 2018-2021 жылдары облысымыздағы жалпы суармалы жер көлемін 197 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.
Айта кету керек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өңіріміздегі суармалы жер көлемі 209 мың гектардан асқан. Кейіннен әртүрлі себептермен бірқатар жерлер тозығы жетіп, қолданыстан шыққан.

Асқар Исабекұлы облыстағы суармалы жер көлемін ұлғайту жоспарын 197 мың гектармен шектемей, одан да асыруды назарға алды. Ол үшін өңірдің бар әлеуеті мен мүмкіншілігін бағамдап, жаңа технологиялардың тиімділігін, жер асты және жер үсті су көздерін ескеруді баса айтты. Өңір басшысы бұл бойынша жауапты тұлғаларға арнайы сараптама жүргізіп, жоспар құру керектігін жеткізіп, нақты тапсырмалар жүктеді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.