Жаттығудан жалықпа, жас өрен! | arainews.kz

Жаттығудан жалықпа, жас өрен!

274

Жастар тәрбиесінің басым бағыттарының бірі оларды саламатты өмір салтын ұстануға баулу десек қателеспейміз. Оған қоса ел мерейін халықаралық, әлемдік ареналарда асқақ еткен саңлақтардың жеңісті жорығы көпке үлгі-өнеге. Қазақстан халқына кезекті Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та спорт пен дене шынықтырудың қол жетімділігін арттыруды тапсырды. Демек, спортты қолдау шаралары дамылсыз жалғасын таба береді.
Байзақ ауданында болған сапарымызда өңір өрендерін спортқа баулып жүрген №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысымен танысудың сәті түсті. Ел намысын әлемдік додаларда абыроймен қорғап, Олимп тұғырынан жарқырай көрінген спортшылар түлеп ұшқан өлкенің даңқы әлі де өз биігінде.

2006 жылдан жұмыс істейтін мектептің жаңа ғимараты жақында ғана пайдалануға берілген. Қазір мұнда 47 адам еңбек етеді. Спорт мектебінің қабырғасында 1017 жасөспірім спорттың 13 түрі бойынша білікті жаттықтырушылардан тәлім алуда.
– Спорт мектебінің жаңа ғимаратында жастарды спортқа баулуға қажетті жағдай толығымен жасалған. Жаттықтырушылар құрамы да өз ісін жетік білетін мамандардан жасақталды. Соңғы жылдары қатарымызды «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасымен ауылға келген жас мамандар толықтыруда. Олардың көбі кезінде өзіміз баптаған спортшылар. Соның өзінде олардан тәлім алған шәкірттеріміз әртүрлі сайыстарда өз шеберліктерін дәлелдеп жүр. 2017-2018 оқу жылында 1 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 4 Қазақстан Республикасының спорт шебері даярланды. 112 жеткіншек кезекті спорттық разрядтарына қол жеткізді, – дейді мектеп директоры Аслан Айтбеков.
Спорт мектебінің жаттықтырушылары сапын толықтырған жас маманның бірі – Қажымұқан Қожахметов. Қызылорда облысынан арнайы шақыртумен Байзақ ауданына ат басын бұрған бапкер жас жеткіншектерге ауыр атлетиканың қыр-сырын үйретуде.
– Илья Ильин сияқты спортшылар түлеп ұшқан Сыр өңірінің ауыр атлетика мектебінен алған тәлім-тәрбиемді байзақтық балғындарға үйретіп жүргеніме көп бола қойған жоқ. Негізінен, облыста 2 спорт мектебінде ғана ауыр атлетика бойынша дәріс өткізіледі. Сондықтан да, аудан жастарының спорттың дәл осы түрімен айналысуға деген қызығушылығы жоғары. Қазірдің өзінде бір күнде жас ерекшелігіне қарай 3 топпен жұмыс жасаймын. Алғашқы нәтиже жаман емес. Шәкірттерім республика біріншілігінде топ жарып, спорт шебері атанды. Жақында ауданның 80 жылдық мерейтойына орай ауыр атлетикадан аудан әкімінің кубогі сарапқа салынбақ, – дейді Қ.Қожахметов.
Аудан жастарының қызығушылығын ескерген мектеп басшылығы жақын арада жеткіншектердің көгалдағы хоккеймен айналысуына мүмкіндік беруді жоспарлап отыр.
– Аудан әкімінің бастамасымен спорт мектебі жанындағы алаңға табиғи шымнан көгалды жабынды төселді. Бұл жұмыстарға спорт мектебінің қызметкерлерімен бірге аудандағы оқу орындарының дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері бір кісідей атсалысты. Есесіне, алаңды ешқандай қаражатсыз өз күшімізбен көгалдандыра алдық.
Ауданның мерейтойына арналған спорттық шаралар біздің мектеп аумағында өтеді. Сол сәтте дәл осы алаңның тұсаукесер рәсімін өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Аслан Асықбекұлы.
Сондай-ақ, спорт мектебінің қызметкерлерінің күшімен халықаралық стандарттарға сай келетін стрит уоркаут алаңшасы да бой көтерген.
Осылайша, аудан орталығы жастарының спорттың кез келген түрімен шындап айналысуына мүмкіндік беретін мекеме 12 жыл ішінде талай чемпиондарды баптаған қара шаңыраққа айналды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.