Перзентхана мен аурухананың біріктірілуі: Астаналық дәрігерлер алғашқы нәтижелерді айтты | arainews.kz

Перзентхана мен аурухананың біріктірілуі: Астаналық дәрігерлер алғашқы нәтижелерді айтты

201

Елордадағы №1 периниталдық орталық пен №2 аурухананың біріктірілуінің арқасында дәрігерлер патологиялары бар 8 жүкті әйелді аман алып қалды.

«Астана қаласы әкімдігінің 22 тамыздағы қаулысымен №1 периниталдық орталық пен №2 аурухана біріктірілді. Осының арқасында қазірдің өзінде екі айдың ішінде жағымды көрсеткіштерге қол жеткіздік. Қысқа уақыттың ішінде ауыр экстрагениталды патологиясы бар аяғы ауыр 8 әйелдің өмірін құтқарып қалдық. Қыл үстінде тұрған олардың өмірін акушер-гинекологтардың және салалық мамандардың бірлескен шұғыл әрі жинақы жұмысының арқасында арашалап қалу мүмкін болды», — дейді №1 перинаталдық орталықта өткен баспасөз мәслихатында Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Оның айтуынша, Астана қаласының денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымын дамытудың нақты жоспары бекітілген. Оған сәйкес, моносалалы ауруханаларды көпсалалы ауруханалармен біріктіру жұмыстары жүргізіледі.

«Менің ойымша, бүгінгі жағымды нәтиже осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керектігін көрсетіп отыр. Бұл, өзінің озық көрсеткішін әлі де көрсететін болады», — деді Әлия Рүстемова.

Еске салайық, елорданың медицина мамандары сирек кездесетін диагнозы бар жас ананы құтқарып қалған болатын. Осыған байланысты №1 перинаталдық орталықта Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, күрделі отаның қалай жүргізілгенін айтып берген еді.

Айта кетейік, осы жылдың маусым-шілде айларында елордадағы №1 перинаталдық орталықта үш әйел көз жұмған еді.

Арада көп өтпей 4 қыркүйекте аталмыш перзентханада тағы бір ана көз жұмды. Бұдан кейін перзентхананың бас дәрігері қызметінен босатылды.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.