Алматы облысында депутат пен баласы пара берді деген күдікке ілінді | arainews.kz

Алматы облысында депутат пен баласы пара берді деген күдікке ілінді

175

Алматы облысында сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы, мәслихат депутаты мен оның баласы күдікке ілінді.

Бұл туралы Астанада өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова мәлім етті.

«Ағымдағы жылдың 10 қазан күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаменті Талдықорған қаласында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысын ұстады. Ол мердігер ұйымның басшысынан келісімшарт бойынша атқарылған жұмыстардың актісіне кедергісіз қол қою үшін  5,5 млн теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде», — деді ресми өкіл.

Тергеу барысында пара берген облыс мәслихатының депутаты мен оның баласы екені анықталды.

«Сол күні Алматы облысының ауыл шаруашылығы басшысы ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына жеткізілді. Сондай-ақ, пара бергені үшін депутаттың ұлы ұсталып, ол да уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Ағымдағы жылдың 12 қазанында Талдықорған қаласының арнайы тергеу сотының санкциясымен аталған адамдарға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Егде жаста болуына орай және денсаулық жағдайына байланысты облыстық мәслихат депутаты қамауға алынған жоқ. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда», — деп нақтылады Жанна Бастаров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Агенттік бір аптаның ішінде пара алу күдігімен ұсталғандарды жария етті. Сондай-ақ, белгілі болғанындай, Өзбекстандағы Қазақстан елшісі бюджет қаражатын жымқыру бойынша күдікке ілінді.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.