Мәдина Әбілқасымова Президенттің тапсырмасын баяу атқарып жатқан өңірлерді атады | arainews.kz

Мәдина Әбілқасымова Президенттің тапсырмасын баяу атқарып жатқан өңірлерді атады

163

Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында шағын несиелендіруге қосымша 20 млрд теңге бөлінген болатын. Алайда аталған қаржыны игеру шаралары баяу атқарылып келеді.

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, қалаларда шағын несиелер 6 млрд теңгеге, ал ауылды жерлерде 14 млрд-қа ұлғайды. Осылайша, шағын несиелендірудің жалпы сомасы 62 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде 45 млрд — ауылдарға, 17 млрд қала тұрғындарына арналған.

«Жыл басынан бері шағын несиелендіру бойынша барлығы 38 млрд теңге, соның ішінде қалаларда 10,5 млрд, ал ауылдарда 28 мдрд теңге игерілді. Ол жоспардың 60 процентін құрайды. Қаражатты игеру жағынан Алматы қаласы, Алматы облысы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жақсы көрсеткіштер байқалып отыр. Ал артта қалып келе жатқан өңірлердің ішінде Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстары және Астана қаласы бар», — деді М.Әбілқасымова.

Осы орайда, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Президенттің тапсырмасын баяу орындап жатқан аймақтарды сынға алып, қаржыны дер кезінде игеруді тапсырды. Әкімдер жылдың аяғына дейін барлық қаражатты игеріп шығуға уәде етті. «Енді, жылдың аяғына дейін орындалатынына сенеміз. Бірақ бұл бастама наурыз айында жарияланды. Қазір қазанның ортасы болды. Кәсіпкерлер әлі күтіп отыр. Сонда олар Президент тапсырмасының орындалғанын бір жыл бойы күте ме? Ол дұрыс емес. Мемлекет басшысының тапсырмасы уақытында орындалуы қажет. Негізі, бәрімізге сын. Үкіметке де, әкімдіктерге де, Атамекенге де. Қаржы берілді. Тапсырма бар, әлі игерілмей жатыр. Осы айдың ішінде барлық проблемалар шешілуі керек», — деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз жүрген азаматтардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту шараларын жалғастыруды тасырған болатын. Осығай орай, жеңілдетілген шағын несиелерге бөлінетін қаржының жалпы сомасы 62 миллиард теңгеге жетті. Соның нәтижесінде шағын несие алатындардың саны екі есеге өседі деген жоспар бар.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.