Айнагүл Шайхиева, Тараз қаласы №9 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Тараз қаласы №9 орта мектептің ұжымы мемлекет басшысы Н.Ә Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын ерекше ықыласпен тыңдады.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында келесі жылы «Педагогтар мәртебесі туралы» заңды әзірлеуді тапсырды. Бұл өте дұрыс әрі қажетті шешім деп санаймын. Себебі, маңызды құжат мұғалімдерді қағаз бастылықтан босатып, бүлдіршіндерге тиісті көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Елбасының кей өңірлердегі үш ауысыммен оқитын мектептер проблемасын көтергені өте орынды. Өйткені апатты жағдайда оқушылар білімге ұмтылмақ түгілі, білім ордасына келуден аяқ тартады. Егер барлық мектептер заман талабына сай салынып, заманауи компьютерлік құрылғылармен жабдықталса, білім сапасы да арта түседі. Міне, соның нәтижесінде оқушыларымыз халықаралық стандарттарға сай бағдарламаларды әзірлеп, түрлі робототехника, инновациялық құрылғыларды құрастыруға машықтанады.
Нәтижесінде, Жолдауда президент айтқан Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болады. Балалар қоғамдағы сұранысқа ие мамандықтарға бейімделіп, кәсіби диагностика жүргізе алады. Бұл өскелең ұрпақ үшін, еліміздің болашағы үшін жасалған маңызды қадам.