Облыста «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты республикалық семинары өтті. Аталмыш жиын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тіл саясаты комитетінің «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» мен Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы бірлесе ұйымдастырды. 3 күнге жалғасқан семинарлар Талас, Т. Рысқұлов және Тараз қаласында өтті.
Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған шара қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, рухани мәдениетімізді көтеру, қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің маңыздылығы, идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер мен көшелердің атауы, олардың тарихи атауларын қайтару, сонымен қатар тарихи жер-су атауларын, ұлттық танымға жақын дәстүрлі атауларды беру және т.б. мәселелер бойынша сөз қозғау, пікір алмасуға бағытталды.
Жиындарға белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, ғалымдар және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар. Шараға Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дос Көшім, саясаткер Расул Жұмалы, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ, Жамбыл облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова қатысты.