Жамбылдық пошташылардың жеңісі | arainews.kz

Жамбылдық пошташылардың жеңісі

265

Биыл қазақстандық пошта қызметіне – 25 жыл. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» пошта қызметі заман қанша жерден қарыштап дамып, адамзаттың аяғы ай бетіне із салса да ақпараттанған қоғамда өз маңыздылығын жойған жоқ. Керісінше, заманауи техникалық тәсілдер арқылы қарбалас тіршілігі қыза түсуде. 9 қазан – дүниежүзілік пошта күніне орай «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалының мәжіліс залында «Жазылушы күні» мерекелік іс-шарасы өтті.

Есте жоқ ескі заманалық аңыз-дастан­дар­дағы хат тасушы көгершіндердің өмірде расымен болғандығын қарт тарихтың өзі мойындап отыр. Бұл жазу-сызу пайда болғалы бері адамзат өркениетімен бірге біте қайнасып дамып келе жатқан пошта қызметінің тамыр-тарихы тым тереңде жатқандығын аңғартса керек. Осылайша ақпарат арнасына айналған пошта қызметі Ұлы Далаға да ене бастады. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін 1993 жылдың
5 сәуірінде тәуелсіз Қазақстан Республикасында пошта қызметі құрылып, іске кірісті. Қазірдің өзінде «Қазпошта» акционерлік қоғамы ел аумағында әр сағат сайын 3 000-нан астам сәлемдеме қабылдап, жөнелтеді екен. Сонымен қатар, пошта қызметі мерзімді басылымдарды, газет-журналдарды дер кезінде оқырманға жеткізу ісінің де шебері атанды.
Осы орайда, сала мамандарының салтанатты шарасына облыстық «Aq jol» газетінің директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, аймақтық «Знамя труда» газетінің ұжымы, облыстық «ARAI» жастар газетінің директор-Бас редакторы Дәулет Төлендіұлы, облыстық «Ғұмыр-Дария» ардагерлер газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, облыстық «Балалық шақ – Детство» газетінің бас редакторы Гүлнар Есмаханова, пошта қызметінің ардагерлері қатысты. Аталмыш басылымдар шара барысында өз оқырмандарымен жүздесіп, газеттердің тарихымен және жаңа өзгерістермен таныстырды. Ең алдымен сөз алған «Қазпошта» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалының директоры Пірәлі Болысбек әлем бойынша қазақстандық пошта қызметі үздіктердің арасынан 27-орынға тұрақтағанын, ал ағымдағы жылы ел аумағында жамбылдық пошташылар ең үздік сапалы қызмет көрсетіп, 1-орынға ие болғандығын мақтанышпен жеткізді. Сонымен қатар, ұжым басшысы осындай жетістіктер әріптестерінің қалтқысыз қазметінің, адал еңбегінің арқасында екендігін атап өтіп, жергілікті баспасөз қызметтеріне, бас редакторларға рухани іскерлік әріптестігі үшін алғысын білдірді. Ал, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жорабек Сансызбаев жамбылдық пошташылардың мінсіз қызметін тілге тиек етіп, мерекелерімен құттықтады. Облыстық «Aq jol» газетінің директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы пошташылардың жеделдігін ерекше атап өтіп, жергілікті баспасөздің жәрмеңкесіне айналып, басылымдардың мақсат-мүддесін ортақтастырған шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Шара барысында пошташылар ән мен жырдан шашу шашып, өнерден де кенде емес екендіктерін көрсетті. Ал, оншақты газет-журналдың тұрақты жазылушысы болып келе жатқан Нұрмахан Төлегенов ұжым басшысына пошташылардың айлық жалақысы көтерілсе деген ұсыныс лебізін айтты. Сондай-ақ, «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры П.Болысбек мамандар арасындағы байқауда «Үздік пошташы» атанған, салада жиырма жылдық еңбек өтілі бар Хадиша Тілеумаханова мен 1-орын иегері Гүлнар Нұрымбаеваны және жұмыс барысында әрдайым белсенді әріптестік байланыс орнатып жүрген жергілікті БАҚ басшыларын, кітапханашыларды алғыс хатпен марапаттап, алғысын айтты.

Нұржан Қадірәлі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.