Басты құжаттың басым бағыттары | arainews.kz

Басты құжаттың басым бағыттары

171

Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде Елбасының «Қазақстандықтардың әл-әуқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын іске асыруға арналған Тараз қаласы әкімдігінің актив жиыны өтті. Басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, зиялы қауым өкілдері, облыстық, қалалық ақпараттық топтың мүшелері, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, мәслихат депутаттары, мекеме-кәсіпорындардың ұжымдары қатысты.

Жиында ең алдымен Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов баяндама жасап, Елбасы Жолдауы егемен елімізді одан әрі дамытудың, биік табыстарға жеткізудің стратегиялық жолын бағдарлаған маңызды құжат екендігіне тоқталды.
– Биылғы Жолдауда әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған 6 басым бағытта айрықша маңыздылыққа ие. Себебі, оның астарында тұрғындардың келер тағдыры мен кемел келешегі жатыр. Әсіресе, Президенттің алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуына салынатын айыппұлды 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру керектігі туралы берген тапсырмасы өзекті. Бұдан бөлек, Елбасы көлеңкелі экономикамен күресу үшін «қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұруға назар аударды. Осы мақсатта шаһарда бүгінгі күнге POS-терминалдар санының артуымен «қолма-қол ақшасыз экономикаға» көшудің алғашқы қадамдары жасалып жатыр. Мәселен, қалада 1 150 POS-терминал, 205 банкомат, 370 төлем терминалдары мен банктік киоскілер жұмыс істеп, 590 сауда орнында кассалық операциялар электронды есеп айырысу арқылы жүзеге асырылуда, – деген қала басшысы одан әрі құрылыс саласында тетігін тапқан тірліктерді баян етті.
Өз сөзінде Ғалымжан Райылұлы Жолдаудың әр бағыты бойынша атқарылатын жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Басқосуда сондай-ақ, «Jambyl Taraz» газетінің редакциясы» ЖШС-ның директор-Бас редакторы, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ермек Тұмабеков, №32 орта мектебінің мұғалімі Дана Жүнісова, «ALMAZ MEDICAL GROUP» ЖШС облыстық филиалының бас дәрігері Нұртуған Әлқуатов, «Агроспецстрой» ЖШС-ның атқарушы директоры Нұрлан Серікбаев, «GOOD LOOK» сауда үйі» ЖШС-ның директоры Румия Хашимова және «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Бақытжан Құтжан жарыссөзге шығып, басты құжаттың басымдықтарын атап өтті.
Жиынды қорытындылаған Бекболат Серікбекұлы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 28 284 теңгеден 42 426 теңгеге дейін өсіру үшін облыстық бюджеттің кірістері мен шығыстары қайта қаралатындығын айтып, бизнес өкілдері бұл шешімді қуаттау үшін еңбек өнімділігін арттырулары қажеттігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол Жолдауда бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау қажеттілігіне басымдық берілгенін айтты. Бұл бағытта облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы мен Тараз қаласының әкімі бекітілген шаралардың ауқымын кеңейтіп, жұмысты жүйелеу керектігін жеткізді.

Шынболат Сейдуалиев

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.