Әлеуметтің әлеуеті артатын болады | arainews.kz

Әлеуметтің әлеуеті артатын болады

243

Сембек Сейдазимов,  Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесінің хатшысы, «Кирпичник» ЖШС директоры

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналып отыр. Атап айтқанда, орта және шағын бизнес, денсаулық, білім салаларын дамытуға баса назар аударды. Әрине, мұның барлығы да тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған қадамдар.

Тағы бір тілге тиек ете кететін жайт, басты  құжаттың жыл басында емес, уақытынан бұрын жариялануы. Бұл өз кезегінде уақытты тиімді пайдаланып, нақты жұмыстарды орындауға септігін тигізбек. Жалпы, Жолдауда көптеген мәселелер айтылды. Енді жылдың соңына дейін тиісті сала мамандары жаңадан бағдарламалар жасап, келер жылдың басында іске кірісіп кету қажет.

Жолдау барысында Елбасы шағын және орта бизнес туралы өте жақсы айтты. Шындығында, осы саладағы тексерістерді азайтып, кәсіп иелеріне көмек қолын созу қажет. Осы жөнінде Ұлттық банк басшылығына тапсырмалар беріліп отыр. Оның ең бастысы, әрине несие беру жолдарын оңтайландыру.  Жасыратыны жоқ, бүгінде несие ала алмай жүрген кәсіпкерлердің қарасы қалың. Дегенмен, барлық шаруа несие алумен бітпейді. Сондықтан тірлік бастаған  адам несиеге алған ақшасын орынды жұмсап, жүйелі жұмыс атқаруы керек. Бүгінгі уақыт талабы осы.

Сонымен бірге құжаттағы нақты тапсырмалардың жедел жүзеге асуы  баршамыздың біліктілігіміз бен белсенділігімізге де  байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан ортақ мақсат жолында аянып қалмаған абзал.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.