Бахадирдің бөденелері Астананы бағындыруда | arainews.kz

Бахадирдің бөденелері Астананы бағындыруда

145

Балалар мен жасөспірімдердің, жалпы адам баласының денсаулығына пайдалы, ақуыз бен дәруменге толы бөдененің еті мен жұмыртқасын өндіруге ден қойған кәсіпкер Бахадир Әдізбаев кәсіптің бұл түрімен айналысатын өңірде жалғыз шаруашылық.

Бүгінде кәсіптің бұл түрі арқылы айлығы мен шайлығын айыратындардың қатары қалыңдап келеді. Көбінде ұсақты шаруалар бөденені бағуда аула маңайымен ғана шектеледі. Сондай отбасылардың бірі, Меркі ауданының тұрғыны да отбасымен бірге әуелі бөдене жұмыртқаларын емдік қасиеті үшін  ғана аз мөлшерде өсіріп, тұтынады. Онымен қоса, балаларының күнделікті тағамдарына қосуды әдетке айналдырады. Кейін талай дертке шипа екенін түсініп, білген ол 30 бөдене сатып алып, шағын  кәсіппен айналысып көруге бел буған.

«2014 жылы 30 дана бөденені алып, кейін еті мен жұмыртқасына сұраныстың артқанын байқаған соң 50 бөденеге дейін арттырдық.  Бөдене жұмыртқалары бірегей, толыққанды ақуыз өнімі және ондағы ақуыз тауық жұмыртқасына қарағанда әлдеқайда көп. Бөдене жұмыртқаларындағы ақуыздан басқа майлар мен көмірсулар, сондай-ақ адам ағзасы үшін ең құнды В1, В2, В5, В6, В12, Е, А, D дәрумендері, никотин қышқылы бар» — дейді шаруа иесі Бахадир Әдізбаев.

Айтуынша, бөдененің жұмыртқасы тауықтың жұмыртқаларымен салыстырғанда құрамында темір, фосфор, калий бірнеше есе асады, оларда кальций, магний, мырыш, кобальт, марганец, мыс, сондай-ақ алмастырылмайтын амин қышқылдары метионин, лизин, глицин, тирозин, триптофан және басқалары бар. Бұл ағзадан қуықасты безінің, жүректің, бауырдың, бүйректің, асқазанның, ұйқы безінің және басқа да өмірлік маңызы бар аурулардың пайда болуынан сақтайды. Егде жастағы адамдар үшін қолдануға қарсы көрсетімдер жоқ, себебі тауық жұмыртқасына қарағанда оларда холестерин болмайды. Аллергиялық аурулардың алдын алу және жасөспірімдердің зияткерлік дамуын жеделдету үшін ұсынылады.

Қазірде бөдене жұмыртқалары балалар тағамында тиімді қолданылады. Тауық жұмыртқасына қарағанда, бөдене жұмыртқасын шикідей ішуге болады.

Шаруашылық алдымен «Несушка» инкубаторы сатып алып, оның көмегімен инкубациялық әдіспен жұмыртқаның шығарылуын 70%-ға жеткізді. Бүгінгі күні ферманың қуаттылығы 1100 бас бөдене ұстауға қауқарлы.

«Сен істі сүйсең, іс саған бас иеді» — деген ұстанымды берік ұстанған кәсіпкер ай сайын 27 000 жұмыртқа және 20 кг бөдене етін алады. Бөдене жұмыртқалары мен етіне сұраныстың ұлғаюына байланысты 10 000 басқа бөдене фермасының құрылысын басталған.  Жобаның құны 20 млн. теңгені құрайды. 2018 жылдың 4 тоқсанында ферманы пайдалануға беру жоспарлануда. Ферма жоспары бойынша жартылай автоматтандырылады, бұл 10 адамға дейін қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Бөдене құсы өнімінің 80 пайызын Жамбыл облысы тұтынады, қалған 20 пайызы шекара асып, шетелдік дастарханның сәнін келтіруде.

Биылғы жылдан бастап фабриканың өнімдеріне көршілес Қырғыз Республикасынан да қолқа салынған. Енді қырғыз еліне айына 5000 жұмыртқа экспортқа шығарылады. Бұл «Қазақстанда шығарылған» сапалы өнімдеріне сұраныстың еселенуінің айғағы.

Бүгінгі күні кәсіпкерлік бөдененің жұмыртқасы мен етін жеткізуге 30-дан астам сауда нүктелерімен келісімшарт жасалып үлгерген. Нарыққа жаңадан тәй-тәй басқан шаруашылықтың аймақта кеңінен танылуына «Қазақстанның үздік тауары 2018» көрме-байқауы ықпал етті. Сондай-ақ, сапасы мен бағасы, табиғи ерекшелігі жағынан көптің көңілінен шыққан тауар «Үздік азық-түлік тауары» аталымы бойынша жеңімпаз атанып, республикалық байқауға жолдама алды.

Айта кетейік, Астана қаласында 12-13 қазан күндері өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына Жамбыл облысының атынан 9 компания қатысады. Олардың қай-қайсысы да жеңіске лайық!

Ақбота Батырбекова

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.